Sailau banner

Мәдениет

Есіл аудандық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді

52 жылдық тарихы бар есілдік Мәдениет үйі бір жаңарып қалды. Явленкадағы мәдениет ошағына салынғалы жөндеу жұмысы жүргізілмепті. Дұрыстаса, сыртын ғана қырлап-сырлаған екен. Биыл екі бірдей бюджет көзінен 160 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, көптен күткен күрделі жөндеу жұмысы атқарылды. Кіреберісі, қабырғалары, төбесі оңдалып, есік-терезелеріне дейін ауыстырылыпты. Іші заманауи түрде әрленген екен. Кең, жарық әрі жайлы жер табалдырықтан аттаған қонақты бірден көркімен баурап алады.

НҰРКЕН СИСЕНБАЕВ, Явленка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Совет одағынан бері осындай үлкен көлемде жөндеу бірінші рет болып тұр. Осы уақытқа дейін барлығы ескі қалыпта болған еді. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, барлығы заманауи форматқа сәйкес істелген.

Мәдениет ошағында 20-дан астам маман еңбек етеді. Өнерпаздар кезекті маусымдарын күзде бастайды. Мұнда жас пен кәріге арналған түрлі үйірме де бар. Өнерге бет бұрған есілдіктер үшін барлық жағдай жасалған. Бос уақытын осында өткізетін жеткіншеткердің саны тіпті 70-тен асады. Мәдениет ошағының тыныс-тіршілігін Нұркен Сисенбаев жақсы біледі. Өйткені, ұжымға бертінге дейін 14 жыл бойы жетекшілік еткен.

НҰРКЕН СИСЕНБАЕВ, Явленка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Орталықта көптеген кружоктар бар. Олар: балалар эстрадалық “Күнсұлу”, “Детство” және халық театры. Сонымен қатар, “Құбылыс” би ансамблі де жұмыс істейді. Бізде этномәдени орталығында – “Звонница” славян ұлттары, ал “Жерлес” этномәдени орталығында – қазақтар.

Аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында орталық кітапхана орналасқан. Білім ордасында да жөндеу жұмысы жүргізілген. Мұндағы кітап саны 21 мыңнан асады. Биыл қорға жаңа кітап қосылмапты. Алайда, бұл оқырман санына кері әсер етпейді. Кітап іздеп келетін тұрғындар аз емес.

МӘУИЯ АХМЕТЖАНОВА, Есіл ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:

– Біздің кітапхананың оқырмандары 1000-нан асады. Мұнда әр түрлі жастағы оқырмандар келеді. Оқушылар классика, мектеп бағдарламасы бойынша келіп, кітап алады. Зейнет жасындағы оқырмандар да баршылық. Оларға арналған клуб бар.

Жұмыс істейтін жердің жаңаруы ұжымның қызметіне де қарқын қосары сөзсіз. Еске сала кетейік, Есіл аудандық Мәдениет үйі биыл облыста екінші жыл қатарынан үздік ұйым атанды.

 

Мәдина Қаби