Sailau banner

Қоғам

Бірлік ықшам ауданына көшкен тұрғын кәсіп ашпақшы

Светлана Мещанская – тасқыннан зардап шеккен жанның бірі. Нәзікжандының баспанасын апат кезінде толығымен су басқан. Қазіргі таңда азаматша Бірлік ықшам ауданында тұрып жатыр. Оған су жаңа үйдің кілті 5-ші шілде күні табысталыпты.

СВЕТЛАНА МАЩАНСКАЯ, үй иесі:

– 8 жыл бойы Ойқалада тұрдым. Үйім 70-ші жылдары салынған. Бірақ, былтыр ғана күрделі жөндеу жүргізгенбіз. Өзімнің жылыжайым болды. Түрлі көкөніс егетінмін. Қазір, міне, жаңа ауданға көшіп келдім. Барлығы ұнайды. Көршілеріммен де тез тіл табысып кеттім.

Үй ішінде керектінің бар. Толық тұрмыстық техникамен жабдықталған. Баспананың аумағы – 80 шаршы метр, жер көлемі 10 сотықты құрайды.

СВЕТЛАНА МАЩАНСКАЯ, үй иесі:

– Жаңа қоныстың көркіне де, сапасына да көңілім толады. Баспана үш бөлмелі. Жолдасым екеуіміз ғана тұрамыз. Өзімізге жетеді. Алдағы уақытта үйге өзгертулер енгіземін. Маңайдан дүкен ашу ойымда бар.

Азаматшадан неге жер үйді таңдағанын сұрадық. Негізінен, бағалаушылар нәзікжандының баспанасын 22 млн теңгеге бағалаған. Оның сөзінше, бұл ақша Петропавлдан 3 бөлмелі пәтер алуға жетеді екен. Бірақ, ол үй айналасын жасыл желекке толтырып, түрлі көкөніс еккенді ұнатамын дейді.

СВЕТЛАНА МАЩАНСКАЯ, үй иесі:

– Біз құрылыс барысын жіті қадағаладық. Жұмыстың сапалы атқарылып жатқанын көргеннен кейін ғана осы жерге көшіп келеміз деген тоқтамға келдік. Мемлекетке алғысым шексіз. Тасқын басталғаннан үй алғанша дейін бірқатар көмек көрсетті. Біржолғы төлемді де алдым. Ауданда түрлі нысандар салынуда. Алдағы уақытта кішігірім қалашыққа айналады деген ойдамын.

Бірлік ықшам ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта елді мекенде жаңа балабақша мен аурухана қолданысқа берілмек.

 

Нұрасыл Ахмет