Sailau banner

Құқық қорғау органдары

“Антифрод” акциясы

Теріскейде алаяқтық тыйылмай тұр. Биыл тіркелген интернет-қулықтың саны 400-ден асып, 500-ге таяды. Статистика өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Алаяқтықпен күресте тиімді шаралардың бірі – ақпараттандыру дейді мамандар. Осы орайда тәртіп сақшылары қаладағы белгілі сауда орындарының бірінде жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесе «Антифрод» атты акция өткізді.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының маманы:

– Біз қала тұрғындарын біреумен өзінің жеке деректерімен бөліспеуге, белгісіз қосымшаны жүктемеуге және SMS-хабарламамен келген төрт таңбалы кодты ешкімге жарияламауға шақырамыз. Сондай-ақ, SIM- картаның жарамдылық мерзімі жоқ екенін еске саламыз. Егер алаяққа тап болсаңыз, жедел түрде полицейлерге хабарласуды сұраймыз.

Мамандардың дабыл қағулары бекер емес. Өйткені, қулар өтірікті шындай қылып айту үшін қитұрқы әрекет пайдаланады. Жиі қолданатын амалдары – банк немесе ұялы байланыс компаниясының өкілі ретінде хабарласады екен. Аңғал адам оған алданып қалады. Сабыр сақтап, бәрін таразылай білгені қудың тұзағына түспейді.

ВЕРА БЕЛЕЖКОВА, қала тұрғыны:

– Алаяқтар маған да хабарласты. Өзін құқық қорғау органының қызметкері деп таныстырды. Банк картасына қатысты деректерді сұрады. Менің атыма біреу несие алып жатыр деп қорқытты. Мен бұл сөзден бірден секем алдым, сенген жоқпын.

Интернет-алаяқтар көбінесе қарт адамдардың сенгіштігін пайдаланады екен. Жастарға да абай жүрген дұрыс. Полиция қызметкерлері осы сынды алдын алу шараларын жиі ұйымдастырмақ ниетте. Құлағы түрік жүрген адам ешбір қуға алданбайды, ақшасынан айырылмайды.

 

Анель Шаяхметова