Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Торанғұл ауылындағы сүт фермасының құрылысы биыл аяқталады

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Торанғұл ауылының шет шағында сүт фермасы салынып жатыр. Әлі жұмыс толығымен аяқталған жоқ. Бөлінген қаржы – 2 млрд теңге көлемінде. Ал мына жерде 800 бас қара бас мал болса, оның 325-і – сиыр, қалғаны – бұзау.

Ферманың құрылысы 2022 жылдың күзінде басталыпты. Малдың өзі өткен жылдың жазында жеткізілген. Қара мал бірінші қорада тұрады. Екіншісі де салынып жатыр. Сиырлар күніне үш рет сауылады. 300-ден астамын бір рет сауып шығуға 2 жарым сағат уақыт кетеді. Сауу жүйесі бар, барлығы автоматтандырылған. Күніне 1000 литрдан астам сүт жиналады. Бұл жерде, әзірге, 25 адам жұмыспен қамтылған. Алтауы – сауыншы. Барлығы – жергілікті жердің тұрғындары. Арина Чеснокова да осы жерден тұрақты табыс көзін тауып отыр. Айына қолына кем дегенде 250 мың теңге алады.

АРИНА ЧЕСНОКОВА, сауыншы, Есіл ауданы:

– Сиырларды күніне үш рет сауамыз: таңертең, түсте және кешке. Симментал тұқымды сиырлар сүтті. Әрқайсысы күніне 35 литрге дейін ақ береді. Сауу жүйесі автоматтандырылғандықтан процесті қадағалап қана жүреміз.

Жиналған сүт күнбе-күн өңірдегі сүт зауыттарына жөнелтіледі.

Мұнда бұзаулар бөлек тұрады. Төлдер күніне үш рет тамақтандырылады. Ересектері 2 ай күтіліп-бапталғаннан кейін тайшалардың қатарына қосылады.

МИХАИЛ ВОЛОШКО, бас зоотехник, Есіл ауданы:

– Симментал сиырларын Германия, Австрия елдерінен әкелдік. Дәл осы тұқымды алған себебіміз – сүтті жақсы береді, төзімді мал. Суықта да, ыстықта да күйін жоғалтпайды. Ақылды жануар дер едім. Ыңғайға тез көнеді.

Зоотехник маманнның айтуынша алдағы уақытта тағы 300 сиыр әкелу жоспарланып отыр. Ол басқа тұқымнан болуы мүмкін. Айта кету керек, сүт-тауарлы ферманың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Жоспарланған жұмыстың 85 пайызы тындырылған.
Кәсіпорын толық қуатқа көшкен кезде қосымша жұмыс орындары да пайда болады.

 

Мәдина Қаби