Sailau banner

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі БАҚ өкілдерімен кездесті

Өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жергілікті бақ өкілдерімен кездесті. Бұл салада күрмеуі күрделі мәселе көп екені баршаға мәлім. Ауылды жерлерде медициналық мекемелер жоқтың қасы. Сол үшін ел билігі арнайы жобаны іске қосты. Қазір біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ведомство басшысының сөзінше, өзге аймақтарда қарқын төмен. Ал теріскейдегі тірлікті әзірге бас бармақпен бағалауға болады.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы өте сәтті жүзеге асып жатыр. Биыл елде 565 нысан тапсырылуы тиіс. Соның 38-і СҚО-ға тиесілі. Жоспардағы 38 жерде құрылыс жүріп жатыр.

Денсаулық сақтау саласы жайлы сөз қозғап, құрылыс төңірегінде әңгіме өрбісе, ойымызға бірден Петропавлда ашылуы тиіс заманауи аурухана келеді. Жоба бастау алғанда сүйінші сұраған солтүстікқазақстандықта есеп болмады. Алайда, қуаныш көпке созылмады. Нысан тұралап қалды. Өңірімізге министрдің күнде келе бермейтінін жақсы білетін тілшілер мәселені көтеріп, сауалды төтесінен қойды. Жауап үміт отын қайта лаулатты.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Мердігерлермен кездестік. Олардың айтуынша, жылдың соңына дейін монолит бойынша жұмыстар аяқталады. Ал құрылыстың өзі келесі жылдың соңында немесе 26-шы жылдың басында аяқталады.

Бұл аурухана жеке инвестиция есебінен салынып жатыр. Сондықтан, жағдай ертең-ақ өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұған жол бермек емес. Министр мәселені бақылауда ұстайтынын баса айтты. Солтүстік Қазақстан – онкологиялық ауруларға шалдыққан науқас саны бойынша елімізде көш басында тұр. Адам папилломасы вирусы дегенді көпшілік білуі тиіс. Жақында республикада дерттің дәл осы түріне қатысты иммундау бастау алады. Бұған біреулер қарсы. Күндегі дәрісіне күмәнмен қарайтын халық қыздарының болашағына балта шабудан қорқады.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Жоспардағы бұл вакцинациялау аса маңызды дер едім. Елімізде жыл сайын 600-ге жуық азаматша адам папилломасы вирусына негізделген қатерлі ісіктен көз жұмады. Біз осының алдын алу үшін 11 жастағы қыздарға халықаралық деңгейде мойындалған екпе қоймақпыз. Вакцина АҚШ-тан сатып алынады. Ол үшін тиісті қаражат бөлінді. Айта кетерлік маңызды жайт, болашақта Қазақстанда жас көрсеткіші төмендеуі мүмкін.

Алайда, барлығы ата-аналардың келісімі бойынша жүзеге асады. Билік халықты мәжбүрлеуден аулақ. Қазір жан-жақты түсіндіру жұмысына күш салып жатыр. Ашық тілдесу барысында Ақмарал Әлназарова өңірде назар аударуды қажет ететін тұстарды атады.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Кемшіліктердің де бар екенін анықтадық. Арыз-шағымның өсуі байқалады, халықпен кері байланыстың да сапасы жетілдіруді қажет етеді. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі аппаратының басшысымен талқылау жұмысын жүргіземіз. Бірлесе жұмыс істейміз.

Брифингте Қызылжар ауданында астан уланып, қара жамылған отбасы жайлы да сөз қозғалды. Әзірге бұл қайғылы оқиғаның жай-жапсары белгісіз. Қандай да бір шешім қабылдайтын қорытындылар дайын болмапты.

 

Байболат Құлтанов