Sailau banner

Қоғам

Аққайың ауданына жаңа әкім тағайындалды

Аққайың ауданының Смирново ауылында мәслихаттың сессиясы өтті. Жиында облыс басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аудан активіне жергілікті атқарушы органның әкіміне кандидат Жанар Құсайынды таныстырды. Жанар Поселкеқызы бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметін атқарған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жанар Поселкеқызы 1967 жылы туған. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Алматы шаруашылық институтын және СҚМУ-ды бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Шал ақын және М.Жұмабаев аудандарында әкімнің экономика мәселесі жөніндегі орынбасары және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары болды.

Мәслихат депутаттары облыс басшысы ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. Бұдан соң Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданының жаңа басшысының алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, орта және шағын бизнес салаларына қатысты статистикалық деректер айтылды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығына тоқталайық. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша ауданда жалпы өнім көлемінің 0,3%-ға төмендеуі байқалады. Нақты көлем индексі 99,7%,6 млрд теңгені құрады. Бұл – біздің облыс бойынша оныншы орын. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Бүгін жаңа басшы активпен бірге бұл жағдайды түзету үшін шаралар қабылдауы керек.

Ауданның жаңа басшысы Жанар Құсайын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыруға, аққайыңдықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бар күшін салатынына уәде берді.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

– Құрметті Аққайың ауданының тұрғындары, көрсеткен сенім үшін алғысымды білдіргім келеді. Мен Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін барлық білімімді, күш-қуатымды, тәжірибемді қолданамын.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Жанар Құсайын Аққайың ауданының әкімі болып Рүстем Елубаевтың орнына келді. Рүстем Елубаев өз кезегінде Ақжар ауданының басшысы болып тағайындалды.

 

Данаш Хамза