Sailau banner

Мәдениет

Абайдың туындылары орындалды

Абай атамыздың туындыларын жастар жағы білмейді деген оймен екінің бірі келіспес. Ақынның шығармашылығымен теріскейлік қыз-жігіттер жақсы таныс. Тарихи тұлғаның туған күнінде Петропавлда әндері шырқалып, өлеңдері оқылды.

Абай атамыздың 179 жылдығына орай өлең оқыған – Дариға Смаилова. Ұлттық нақыштағы бас киім, әсем сырға таққан ару қыз өнерімен тәнтті етті.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚОФ төрағасы:

– Абай Құнанбайұлы – ұлы тұлға. Жастарға, өсіп келе жатқан ұрпаққа өте үлкен білім қалдырды. Сол білімді кішкентай бауырларымызға қалдыру – біздің міндетімі.

Жастар ұйымдастырған шараны үлкендер жағы сүйсіне тамашалады. Олар Абайдың жолын жалғау – әр қазақ баласының міндеті деп санайды.

АСХАТ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, «СҚО Семей полигоны» ұйымының төрағасы:

– Бүгін Абай бабамыздың 179 жылына орай еске салу мақсатында ескерткішке келіп тұрмыз. Абай атамыздың қоғамда бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткен сөздері – біз үшін және ұрпақтарымыз үшін өнеге.

Ерекше бастама Абай мен Пушкин ескеркіші алдында ұйымдастырылды. Мұнда ұлы ақын жазған әндер де шырқалды. Жастар жарады!

Шара соңында жиылған қауым Абайдың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Тұрғындарға ақынның суреті бар күнтізбелер таратылды.

 

Анель Шаяхметова