Sailau banner

Спорт

Спортшылар артқан сенімді ақтады

Қос аяғын кезекпен сермеген Богдан Митрофанов 7 жастан бастап каратемен айналысады. Жеткен жетістіктері аз емес. Жерлесіміз 2023 жылы Ресейде өткізілген байрақты бәсекеде 1-орын алыпты. Одан бөлек, Азия чемпионатында топ жарыпты. Ол жарыс жақында ғана өтті. Қазіргі таңда спорт шебері атағына ие жалынды жас қарсыластарын қоғадай жапырған.

БОГДАН МИТРОФАНОВ, каратеден Азия чемпионы:

– Бұл чемпионатқа қатысу үшін біз алдымен Қазақстан біріншілігінде өнер көрсетіп, жеңіске жетуіміз керек болды. Мен чемпион атандым. Осылайша, додаға жолдама алдым. Қарсыластардың бірі де осал емес. Біраз күш жұмсауға тура келді. Төккен тер нәтиже берді. Соған өте қуаныштымын.

Толығырақ баяндайық! 1-3 тамыз күндері Астанада киокушинкай каратеден Азия чемпионаты мен балалар және жасөспірімдер арасындағы IV әлем чемпионаты өтті. Онда теріскейлік 38 спортшы ел құрамасы сапында бақ сынады. Нәтижесінде олар 26 медаль жеңіп алды: 5 алтын, 10 күміс және 11 қола.

Каратені тек төбелес деп түсінбеу керек. Мұнда техника да бағаланады. Яғни, арнайы аталым бар. Сонда үздік өнер көрсеткендер марапатталады.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы» РҚБ облыстық филиалының директоры:

– Бұл жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Жарысты 6 жыл күткен соң, дайындығымызды 2023 жылдың қыркүйегінде бастадық. Чемпионаттарға қатысқан спортшыларымыз сәл демалып, алдағы уақытта келесі турнирлерге дайындалады. Жоспарымызда Австралия мен Индонезияда өтетін турнирлер бар. Елді тағы да қуантқымыз келеді.

Қоса кетейік, Астанада өткен қос чемпионат 22 елдің намысын қорғаған каратешілердің басын қосты. Теріскейлік татами шеберлерінің арқасында Қазақстан ұлттық құрмасы үздіктер қатарынан көрінді.

Анель Шаяхметова