Sailau banner

Денсаулық сақтау

СҚО-ға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді

Облысқа ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді. Ол ең алдымен Петропавлда өтіп жатқан жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек бригадаларының республикалық спартакидасының шымылдығын ашты. Құттықтау сөзінде ведомство басшысы қатысушыларға сәттілік тіледі.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Спартакиада дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Сіздер көптеген жандардың өмірін аман алып қалудасыздар. Өзімнің атымнан сіздерге зор алғысымды айтамын.

Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты. Аймақ басшысы медициналық қызметкерлердің жұмысы қиын екендігін атап өтіп, білікті мамандарды көптеп даярлау қажеттігіне тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өздеріңіз білетіндей, осы сайыста біздің облыстың бригадасы жеңіске жеткен болатын. Сол себепті, дүбірлі дода Петропавлда өтуде.

Дәстүрлі шараға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен командалар келді. Жарыс 4 кезеңнен тұрады. Әр тапсырма үшін манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, нақты жағдайға барынша жақын клиникалық станция дайындалды. Сайыста топтық жұмыс, қызметкерлердің аз уақыт ішінде науқастардың өмірін сақтап қалу үшін оңтайлы шешім қабылдау, медициналық көмекті ұйымдастыру мен тактикалық шешімдердің үйлесімділігі мен жеделдігі бағаланатын болады. Бригадалардың іс-әрекетін құрамына медицина саласындағы белгілі мамандар кіретін қазылар алқасы таразылайды.

ҒҰМЫРБЕК АҒЫБАЕВ: оқыту-тренингтік оқыту орталығының басшысы:

– Жедел жәрдем қызметкерлері қандай да жағдай болмасын барлығына дайын болуы тиіс.

Міне көптен күткен сайыс та басталды. Ең бірінші болып Ақмола облысынан келген медицина қызметкерлері жарысты бастады. Білікті мамандардың додоға тыңғылықты дайындалғандары көрініп тұр. Олар бірден зардап шеккен науқасқа алғашқы көмек көрсетті.

Содан соң ведомство басшысы Бескөл ауылындағы салынатын жаңа емхананың жобасымен танысты. Жобалаушы – шымкенттік “Прикаспийское Управление Строительства” серіктестігі. Ақмарал Шәріпбайқызы бастамаға оң бағасын беріп, алдағы уақытта басталатын құрылыс барысын жіті қадағалауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Қызылжар аудандық ауруханасына барды. Нысан 1986-шы жылы салынған. Мұнда 565 адам жұмыс істейді. Мамандар күніне 200 адам қабылдайды.

 

Нұрасыл Ахмет