Экономика және қаржы

Несиесі барлар тығырықтан шыға алады

Бір емес, бірнеше несиесі барлар да тығырықтан шыға алады. Иә, бұл пікірге кейбір жандар қол сілтеуі мүмкі. Алайда, қазір жұртшылықтың қаржылық сауаттылығын арттыратын бастамалар баршылық. “Қарызсыз қоғам” жобасын естімеген адам жоқ шығар. Оның аясында халық білім алады, өздері сияқты жан-жаққа қоңырау соғып, ақша іздегендердің тәжірибесінен ой дәптеріне тоқиды.

ДМИТРИЙ ШЛЕДЕВИЦ, “Қарызсыз қоғам” жобасының СҚО бойынша жетекшісі:

– Қазіргі уақытта біздің облыста 4 бизнес-сарапшы жұмыс істейді. Халықты оқыту ақпан айында басталды. Осы күнге дейін 3204 адам білім алды. Тұрғындарға дұрыс несие алуды, отбасылық бюджетті жоспарлауды, инвестиция құюы үйретеміз. Бүгінде кейбір адамдар азық-түлік үшін кредит рәсімдейді. Бұл – алаңдатарлық жайт. Осының алдын алғымыз келеді.

“Жалғыздың шаңы шықпас” дегендей, жоба жетекшісі мәселені өзі ретке келтіре алмайды. Бұл бағытта арнайы топ құрылған. Ішінде түрлі саланың тұтқасын ұстаған азамат-азаматшалар бар. Банк өкілдері де мүшелік етеді. Олар жауапсыз клиенттердің санын азайту үшін ел көлеміндегі бастамаға қолдау танытуда.

ДМИТРИЙ ШЛЕДЕВИЦ, “Қарызсыз қоғам” жобасының СҚО бойынша жетекшісі:

– Егер адамда 4-5 кредит болса, оңтайландыру әдісін пайдалану қажет. Үлкен сомадаға несиені ұзақ мерзімге алған жөн. Сонда ұсақ берешектердің барлығы жабылады әрі ай сайын жасалатын төлемнің көлемі аз болады. Алайда, пайыздық үстемақы мазаны қашыруы мүмкін. Бірақ, бұдан қорықпау қажет. Адам төлем сомасының аз болуына байланысты жалақысынан ақша жинай алады. Міне, сонымен де несиені жаба берген жөн.

Арнайы құрылған топ маңызды мәселені жан-жақты қарап жатыр. Жақын арада банк пен тұрғындарға тиімді бірнеше ұсыныс әзірленбек. “Қарызсыз қоғам” жобасы жылдың соңына дейін жалғасады. Әлі бірнеше топ білім алмақ. Жалпы жоспар – 5,5 мың теріскейлікті курспен қамту.

 

Байболат Құлтанов