Sailau banner

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді

Жұмыс сапары аясында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір тұрғындарымен кездесті. Жүздесу Оқушылар сарайының кең залында өтті. Баяндама оқылды, атқарылған және атқарылатын іс жіпке тізілді. Ведомство басшысының сөзінше, салада құқықтық-нормативтік тұрғыда кемшіліктер бар. Қазір осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Жиында жерлестеріміз сауал қою мүмкіндігін алды. Қала тұрғыны Қайрат Дүйсенбі – ведомство басшысына алғаш сұрақ қойған азамат. Қос бірдей операция жасатқан ақсақалдың өзі де, қатерлі ісікке шалдыққан қарындасы да биыл саладағы кем-кетікке байланысты біраз қиындық көріпті.

ҚАЙРАТ ДҮЙСЕНБІ, қала тұрғыны:

– Қатерлі ісікке шалдыққан қарындасымды медбике екпе салып, тірілтіп алды. Бірақ, ауруханаға әкеткен жоқ. Онкологиялық ауруларды емдеу мекемесіне жеткізбеу бойынша бұйрық бар екен. Адам өлгелі жатқанда бұл не қылған бұйрық?

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Ол қандай бұйрық? Бұл жерде бұйрыққа қараудың қажеті жоқ. Адамға жағдайына байланысты көмек көрсетілуі тиіс. Басқарма басшысы бақылауға алыңыз.

Кездесуден соң брифинг пен азаматтарды жеке қабылдау болды. Мұнда ведомство басшысы базыналарын арқалаған бірнеше адамды қабылдады.

 

Нұрасыл Ахмет