Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Аққайың ауданында «Дала күні» өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге шығарып, жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру керек деген нақты міндеттер қойды. Осы бағытта Агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағытын қамтитын «Жол картасы» әзірленді. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысында бұл тапсырма жоғары деңгейде орындалып жатыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл топырақ құнарлығын арттыру мақсатында 3 млн гектар аумаққа 256 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Жалпы, облыстың егіс алқабы – 4,5 млн гектар жерді құрайды. Оның ішінде 3,4 га аумағына дәнді дақылдар, 751 мың гектар жерге майлы дақылдар, 379 гектарға – мал азығы егілді, 26 мың гектарға картоп және 5 мың гектар жерге көкеністер егілді.

Биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын субисидиялауға 60 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде егін жинау науқанына арналған 7,5 мыңға жуық комбайн бар. Оның 4 мыңға жуығы жоғары өнімді комбайн. Жалпы, техникалардың науқанға дайындығы 100 пайызды құрайды. Айта кетейік, 2024 жылға аграрийлерге 59 мың тонна арзан бағадағы жанар-жағармай берілген.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің шаруалар су үнемдеуге арналған технологияларды көптеп қолдануды қолға алып отыр. Осы мақсатта биыл жалпы құны 13,6 млрде теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарда бар. Бұл дәнді дақыл мен мал азығының аумағын 9,4 мың гектерға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында жиналғандар Шағалалы ауылындағы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына барды. Қатысушыларға бидай тұқымдары таныстырылды. Тәжірибе станциясы ғалымдарының көмегімен алынған «СЕМЕНОВНА» атты жаңа сұрып туралы да кеңінен айтылды.

НИКОЛАЙ ЛАНГ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының бөлім меңгерушісі:

– 2020 жылы біз жаңа сұрыпты алдық. 2021 жылы 78 гектарға ектік. Ал, 2023 жылы 2893 гектарға, ал 2024 жылы 3240 га алқапқа ектік. Биыл 1600 тонна өнімді сатттық. Өнімді арттыру жұмыстары әлі де бұдан қарқынды түрде жалғасады.

Қазіргі таңда ғалымдардың зерттеуі бойынша өңірдегі бидайдың 76,6 пайызы – жақсы деңгейде. Ал, қалған 23,4 пайызы – қанағаттанарлық жағдайда. Жалпы, диқандар биыл шамамен әр гектардан 15 центнерден өнім аламыз деп күтуде. Облыс бойынша астық қабылдайтын барлығы 46 элеватор бар. Сыйымдылығы – 3,2 млн тоннаны құрайды.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Бүгінге таңда Үкімет тарапынан көптеген шаралар қабылданды. Арзандатылған лизинг 100 млрд теңге бөлінді. Сосын егін жинау жұмыстарына арналған жеңілдетілген 5 пайыздық кредиттер және диқандарға 580 млрд теңге бөлінді. Осыған байланысты, біз жақсы өнім күтеміз.

Егіс күнінде замануи ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Шағалалы ауданының мәдениет үйінде өңіріміздің аудандарынан келген шаруалар өздерінің өнімін жұртшылық алдына шығарды.

СВЕТЛАНА МЕДЕННИКОВА, «Меденников» ЖК директоры:

– Мен осы ауылдың тұрғынымын. Осында жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ет нарығында бәсекелестерімізден қалыс қалып жатқан жоқпыз. Бізде көбіне жартылай сүрленген шұжықтарға сұраныс үлкен.

ЕРЛАН МАХМЕТОВ, «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС менеджері:

– Бүгін «Дала күнінде» біз өнімімізді жәрмеңкеге қойдық. Оның ішінде нан және нан өнімдері, ұн бар. Біз күніне шамамен 20 тоннадай өнім шығарамыз. Оны Қазақстанның басқа да облыстарына экспорттаймыз. Жалпы, біздің нан комбинат 1933 жылдан бері жұмыс істейді. Былтыр 90 жылдығын атап өттік.

Кейін іс-шара соңында егін жинау науқанына арналған ауыл шаруашылығы кеңесі өтті. Пленарлық отырыс барысында ғалымдар мен мамандар егін жинау науқанын оңтайлы мерзімде өткізуге арналған ұсыныстарын айтып, бірқатар мәселелерді талқылады.

 

Мәдина Қаби