Sailau banner

Білім

Жергілікті білім ордасының 1150 талапкері грант иегері атанды

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де құжат қабылдау жұмысы қызу жүріп жатыр. Биыл жергілікті білім ордасына 1150 талапкер грантқа түскен. Оның 500-і Аризона университетімен бірлесе қолға алынған бағдарламаларға бөлініп отыр. Бұл былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда көп.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:

– Педагогикалық мамандықтарға 200 грант бөлінді. Жетім балалар мен мүгедектер де назарсыз қалмады.

Грантқа түсе алмаған талапкерлердің де тегін оқуға мүмкіншіліктері бар. Себебі, биылғы жылы СҚО әкімі мен Freedom банкі атынан 70-ке жуық грант бөлінген. Білім ордасында жатақхана мәселесі жоқ. Ал өздерін тегін оқитындар тізімінен таба алмаған түлектер тамыз айының 25-іне дейін ақылы бөлімге құжаттарын тапсыра алады.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА,М. Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:

– Биыл 3 жатақхана қолданысқа беріледі. Бізде әскери кафедра бар. Осы арқылы студенттеріміз сержант және лейтенант атақтарын ала алады.

Жергілікті университетті таңдап, жаңа өмірге нық қадам басқандардың бірі – Айдана Омарова. Жігерлі жас білім ордасында “Биотехнология” мамандығына оқитын болады.

АЙДАНА ОМАРОВА, талапкер:

– Мен Астана қаласынан келіп отырмын. Қозыбаев университетіне қос дипломдық бағдарлама болғаны үшін түстім. ҰБТ-ден 89 балл алдым. Елордадағы түрлі білім ордаларына түсуге болушы еді. Бірақ, мен өміріме жаңашылдық енгізгім келді.

Айта кету керек, 1-ші қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі.

 

Нұрасыл Ахмет