ТКШ

Келесі жылы Антоновкаға ауыз су жетеді

Антоновка ауылының тұрғындары орталықтандырылған су құбырына қол жеткізетін күнді көптен күтті. Ауыл көшелерінің бойында орнатылған тіршілік көзі бағандарына барып, су тасу жасы егде адамдар үшін оңай емес. Қазіргі кезде ауылға құбыр тарту жұмысымен айналысып жатқан мердігер жұмыс толығымен 2025 жылдың мамыр айында аяқталатындығын айтты. Яғни, ауыл тұрғындарының таза суға қол жеткізетін күні де алыс емес.

ЖОМАРТ ОРАЗАЛИН, Антоновка ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:

– Маңызды іске облыстық және республикалық бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Мұнда 40 техника мен 15 адам еңбек етуде. Жұмыстың 40 пайызы аяқталды.

Маңызды іс аяқталғаннан кейін әр үйге су кіргізілетін болады. Ауқымды жұмысты “Универсал Строй Сервис” серіктестігі” атқаруда. Білікті мамандар жұмысты шілде айының басында бастаған.

БЕЙБАРЫС ТАМАБЕК, жоба жетекшісі:

– 437 баспанаға су кіргіземіз. Барлық жұмысты аяқтауға 9 ай уақыт берілді.

Жалпы, Антоновка – аудандағы беткеұстар елді мекендердің бірі. Ауылда 1200-ге жуық адам тұрады.

ЖОМАРТ ОРАЗАЛИН, Антоновка ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:

– Ауылда 5 ЖШС бар. Жақында сүт фермасы ашылды. Қазіргі таңда наубайхана мен асхана салынуда. 2022 жылы жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. 11 шақырымға асфальт төселді.

Айта кету керек, су құбыры желісінің ұзындығы 38 шақырымнан асады.

 

Нұрасыл Ахмет