Sailau banner

Қоғам

Қарт жандар бос уақытын өткізетін орталық

Петропавлдағы ерекше орталық. Бірі білсе, бірі білмес, Есіл көшесі бойындағы 35-ші үйде қарт жандар бос уақыт өткізетін жер бар. Мұнда 14 адам тұрғылықты түрде тұрады. Дені – өзге облыстың азаматтары. Сонымен қатар, петропавлдық ата-әжелер жиі табалдырық аттап, қатарластарымен шүйіркелеседі. Кешке үйлеріне қайтады. Нина Красельникова – қатарға жаңадан қосылғандардың бірі. Орталық жайлы өзге емес, өзінің балаларынан естіпті…

НИНА КРАСЕЛЬНИКОВА, орталық тұрғыны:

– Бұл жерде тұрып жатқаныма 3 айдай болып қалды. Оған дейін балаларымның қолында болған едім. Қазір аптасына бір рет ұл-қыздарыма барып тұрамын. Орталық өзіме ұнайды. Әр күніміз қызықты өтеді. Үйде төрт қабырғаға қарап отырғанша, осы жерге келіп, өзімнің құрдастарыммен әңгіме-дүкен құрамыз. Тамақтары дәмді. Күніне төрт рет тамақтандырады.

Орталықта кітап оқытатын, диктант жазғызатын мұғалім, жаттығу жасатқызатын жаттықтырушы және жан сырыңды ақтаруға болатын психолог маман жұмыс істейді.

Дегенмен, қалтадан ақша шығару керек. Тұрақты түрде тұратындар 135 мың төлесе, таңертең келіп, кешке кететіндер 90 мың төлейді. Орталық директоры Лилия Даниленконың сөзінше, мұндағылардың көбісі егде жастағылар болғандықтан, көп нәрсені тез ұмытып қалатын көрінеді. Мүгедектер де бар. Сондықтан, оларға үйдегідей күтім жасау – басты міндет.

ЛИЛИЯ ДАНИЛЕНКО, орталық басшысы:

– Орталықты негізі анам үшін ашқан едім. Себебі, ол жасы келе есінен айырыла бастады. Көп нәрсені ұмытып қалатын. Содан біраз қиындыққа тап болды. Мамандармен жұмыс істедік, шамалы көмегі тиді. Бір маңызды мәлімет айтқым келеді, қазіргі таңда адамның есінен адасуы жасарып бара жатыр. Мысалы, бізде 53 жастағы ер адам бар. Ол барлығын ұмытып, жиі шатасады.

Лилия Даниленконың бос уақыт орталығын ашқанына екі жыл болған. Мұнда 25 адамға қызмет көрсетіледі. Үйде ерлерге және әйелдерге арналған бөлмелер бар. Үлкен үстелдер, дивандар да қойылған. Бірақ, нысан іші тар. Кәсіпкер болашақта өзге ғимаратқа көшкісі келеді. Өкінішке қарай, сырласатын, күтім жасайтын адамдары жоқ тұрғындар артып жатыр екен.

 

Мәдина Қаби