Sailau banner

Балалар

Жеткіншектер арасында шахматтан жарыс өтті

Тамыздың 5-і күні “Әткеншектер әлемі” саябағында балалар арасында шахматтан турнир өтті. Интеллектуалды сайысқа 6 мен 14 жас аралығындағы 30-ға жуық жеткіншек қатысты. Ақыл-ой жарысын өткізудегі басты мақсат – өрендердің білім көкжиегін кеңейтіп, теріскейде аталған спорт түрін дамыту.

ДИАС ДАНИЯРОВ, жарыс төрешісі:

– 3 жүлделі орын қарастырылған. Чемпион атанған жеткіншекке 10 мың теңге, 2-ші орынға 7 мың және үздік үштіктен көрінген балаға 5 мың теңге береміз. Сонымен қатар, саябақ директорының атынан ынталандыру сыйлықтары беріледі. Яғни, түрлі әткеншектерге тегін отыруға сертификат табысталады. Жалпы, шахматпен айналысатын кез келген жан әр қадамын аңдап басатын болады. Демек, бұл спорт біздің бүлдіршіндеріміздің жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан, осындай турнир ұйымдастырып, дарынды жастардың басын қосып отырмыз.

Турнирді аты аталған саябақта өткізу тегіннен-тегін емес. Себебі, бұл аумақта балалар көп жүреді. Әділ Хасеноватің ақыл-ой спортымен айналысқанына 4 жыл болған. Бірінші кездесуінде жеңіске жетіпті. Неге осы спортты ұнататынын сұрап едік. Ол математикаға жақын екенін, ой-өрісін дамытқысы келетінін айтты.

ӘДІЛ ХАСЕНОВ, жарысқа қатысушы:

– Сайыс жеңімпазы атанғым келеді. Өзім спорт мектебінде оқимын. Грек-рим күресімен айналысамын. Шахматты жиі ойнаймын. Хоббиім деп те айтуға болады. Алдағы уақытта екі спорт түрінен де түрлі жарыстардың жеңімпазы болғым келеді.

Жарыс қорытындысы бойынша Әмір Қошман жеңімпаз атанса, Арсений Руженский екінші, Георгий Женченко жүлделі үшінші орынға қол жеткізді.

 

Нұрасыл Ахмет