Sailau banner

Қоғам

Тамыздың бірінші жексенбісі – Көлік қызметкерлерінің күні

Тамыздың бірінші жексенбісі – көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Соған орай бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада іс-шара өтті. Бұл жандар жаздың ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан жұмыс істейді. Залға көлік рөлін мығым ұстаған теріскейліктер жиылған. Мамандық қарапайым болғанымен, жауапкершілікті талап ететін қызмет. Салтанатты жиында облыстағы аталған саланың үздіктері марапатталды.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгін 8 білікті маман марапатталады. Биылғы жылы атқарған жұмысымыз баршылық. Ең бастысы, Шымкентке аптасына 2 рет тікелей ұшақ қатынайтын болады.

Басқосуға келгендердің арасында рөл тізгіндегендеріне 20 жыл болған жандар да отыр. Бауыржан Құсайыновтың осы салада жүргеніне 12 жылдан асыпты. Ол еңбек өтілін қарапайым жүргізушіден бастап, аянбай еңбек етіп, қазіргі таңда “Qyzyljar Buses” серіктестігінің директоры қызметіне дейін көтерілген. Білікті маман бүгін ҚР Көлік министрлігі атынан “Үздік автокөлікші” төсбелгісімен марапатталды.

БАУЫРЖАН ҚҰСАЙЫНОВ, “Qyzyljar Bus” ЖШС директоры:

– Серіктестікте 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Қаладағы автобустардың 50 пайызы біздікі. Еңбегім еленгеніне қуаныштымын. Бұл – менің ғана емес, бүкіл кәсіпорын қызметкерлері еңбегінің жемісі. Өзім бала кезімнен осы салада жұмыс істеуді армандадым. Көлік жүргізу оңай жұмыс емес. Қателік жасасаң өзіннің ғана емес, барлық жолаушыларға қауіп төнуі мүмкін. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Жиын соңында саланың ары қарай дамуы жайлы сөз қозғалды.

 

Нұрасыл Ахмет