Sailau banner

Денсаулық сақтау

Салауатты өмір салтын насихаттау

12 тамыз – Жастар күні. Соған орай қаламыздың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шара бастау алды. Соның бірі облстық ҚХА ғимаратының алдында өтті. Аталған шараны “Қоғамдық даму және ақпарат орталығының” жастар бастамалары бөлімі және облыстық волонтерлік фронт-офис пен “Болашақ” корпоративтік қоры бірлесіп ұйымдастырды.

ГҮЛБАҚЫТ БАЙБУСИНОВА, Қоғамдық даму және ақпарат орталығы бөлімінің маманы:

– Акцияның мақсаты – денсаулық сақтауға жастар мен еріктілерді тарту, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру. Қала тұрғындары арасында никотинге, алкогольге, есірткі және улы заттарға қарсы саналы ой қалыптастыру.

Акция барысында түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар шағын әрі пайдалы сыйлықтарға ие болды. Жеткіншектерді қызықтыру үшін медицина қызметкерлері де шақыртылыпты. Білікті мамандар балалардың қан қысымын, бойы мен салмағын өлшеп, тұрғындарға денсаулыққа қатысты кеңес берді. Келген жасөспірімдердің қуанышында шек жоқ. Олар доп тепті, секіртпемен секірді, кеуделерін бірнеше мәрте жерден көтерді.

КЕНЖЕБЕК ЖОРА, акцияға қатысушы:

– Серуендеп жүріп қызықты ойындар өтіп жатқанын көрдім. Мен допты 10 рет ауада тебу керек болатынмын. Бірақ, 5-ақ рет істедім. Сонда да сыйлықсыз қалмадым.

Іс-шарада түрлі жеміс пен жаңғақ сыйлыққа берілді. Себебі, бұл заттарда адам ағзасына қажетті дәрумендер бар. Акцияға барлығы – 70-ке жуық қала тұрғыны қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет