Sailau banner

МТРА жаңалықтары

Мемлекеттен көмек алып, кәсібін дөңгелетіп отыр

“Солтүстік өңірде ағаш өңдеумен айналысу өте тиімді”,- дейді жамбылдық іскер Владимир Батырев. Бұл азамат – “Козорез” жеке кәсіпкерлігінің басқарушысы. Шағын өндіріс орындары бар. Негізінен, ағаш өңдеп, отын әзірлеумен айналысады. Оны тұрғындарға сатады. Кәсіпкерлік 24 жыл бұрын құрылған. Бизнесте біраз тәжірибелері бар. Өнімге сұраныс зор, ал сұраныс дамуға серпін береді. Қолдауды кәсіпкер мемлекеттен алған. Былтыр “Ауыл аманаты” арқылы 9 млн теңге несие рәсімдеп, құрал-жабдықтарын жаңалап алған.

ВЛАДИМИР БАТЫРЕВ, “Козорез” ЖК басқарушысы, Жамбыл ауданы:

– Біз бұл ақшаға тиісті техника сатып алдық. Ағаш өндеуге қажет құрал-саймандар да бар. Техниканың жаңа болуына баса мән береміз, өйткені бұл жұмыстың қарқынына, еңбектің өнімділігіне ықпал етеді. Негізі, табысы мол іс. Өнімге сұраныс зор. Тұрғындар 6 ай бой пеш жағады, оған отын қажет.

Бір тележке отын 70 мың теңге тұрады. Жарылғаны 80 мыңның маңайында. Кәсіпкерлік жұмысшылары тапсырыс берілген отынды иесіне 20 км-ден жақын тұрса, өздері тегін жеткізіп береді. Алысқа – ақылы.

Өндіріс орнында 20-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Дулат Аманжолов отын жарумен айналысады. Осында еңбек етіп жатқанына 4 жыл болыпты. Бір өзі бір тележке отынды 1-2 күннің ішінде жарып тастайды екен.

ДУЛАТ АМАНЖОЛОВ, Пресновка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Жұмасына – алты арба. Бір арба жарғаныма 18 мың теңге аламын. Бастығым оңды, ренжітпейді, уақытылы ақшасын береді. Арасында балам келіп, көмектесіп тұрады.

Кәсіпкерлік отыннан бөлек, құрылысқа қажет брус әзірлейді. Бір-біреуі 2700 теңге тұрады. Қайыңнан әзірленетін дүние үй салу барысында пайдаланылады. Әсіресе, монша салатындар жиі алатын көрінеді. Тіпті, өзге өңірлерден іздеп келетіндер көп.

ВЛАДИМИР БАТЫРЕВ, “Козорез” ЖК басқарушысы, Жамбыл ауданы:

– Бұл тауар жаз мезгілінде жақсы өтеді. Себебі, көбі осы кезде үй салады, қора жөндейді, монша тұрғызады. Тұрғындар алдын ала тапсырыс беріп қояды. Сосын аталған көлемде әзірлеп, жеткізіп береміз.

Владимир Батыревтің айтуынша брусқа сұраныс тасқыннан кейін күрт көбейген.

 

Мәдина Қаби