Sailau banner

Мәдениет

“Мәңгілік” би ансамблі Болгариядан бас жүлдемен оралды

Кезекті жеңіс! Жергілікті «Мәңгілік» би ансамблі халықаралық байқауда үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Шілденің 16-ы мен тамыздың 3-і күндері аралығында Болгария мемлекетінде халықаралық бишілер байқауы өтті. Ерекше сайысқа Қазақстаннан тек «Мәңгілік» би ансамблі шақырту алған. Олар шетелдік сахнада қазақ халқының ұлттық билерін ғана билеген. Барлығы – 20-ға жуық өнер түрін көрсеткен.

Динара Қасымованың топтың құрамында өнер көрсетіп жүргеніне 3 жылдан асқан. Қаншамам рет шетелге шықса да осы жолғы сапары ерекше есте қаларлықтай болған.

ДИНАРА ҚАСЫМОВА, «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі:

– Болгарияның астанасы Софияда, Мездра, Пловдив қалаларында болдық. Фестивальге Грузия, Мексика, Боливия мемлекеттері қатысты.

“Би құдіретін түсіну үшін бишінің қимылына ғана емес, жанарына да назар аудару қажет”,- дейді шеберлер. Жергілікті ұжым көздегі от, бойдағы қуат жандандырған еңбек, табандылықтың арқасында гран-при иегерлері атанып отыр. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтиннің сөзінше осы қасиеттердің барлығы басқа бишілердің де бойында болатын болса, алынбайтын қамалдары жоқ.

МИХАИЛ ЛАХТИН, «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Бұл байқауға кез келген ұжым қатыса алмайды. Тек нағыз мықтылар ғана жиналады. Өнер көрсеткен бишілердің туындыларын өте жоғары деңгейде бағалар едім. Біздің өнерімізге де барлығы тәнті болды. «Қазақстан алға!» деп бар қолдауларын танытты. Би ұжымы үшін зор тәжірибе болды.

Жалпы, фестиваль 5 кезеңнен тұрған. Әрқайсысы әр қалада өткізіліпті. Би шеберлері жиналған сайыста 9 мемлекеттің азаматтары бақ сынаған. Теріскейлік таланттар аталған сайысқа жарты жыл бойы дайындалыпты. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде ойдағыдай өнер көрсетуге аптап ыстық та кедергі болмаған.

КАРИНЭ САМУДИНОВА, «Мәңгілік» би ансамблінің хореографы:

– Барлық би ұжымдарына өнер көрсету қиынға соқты. Себебі, біз барған сәтте ауа температурасы +35 пен 40-тың аралығында болды. Біздің бір биіміздің ұзақтығы – 30 минут. Далада өнер көрсеттік. Әрине, оңайға соққан жоқ. Біз бұған да сақадай сай болып бардық.

Теріскейлік таланттар Молдова, Грузия, Мексика мен Боливияда өтетін байқауларға шақырту алған. Айта кетейік, “Мәңгілік” би ансамблінің құрылғанына биыл 7 жыл толып отыр. Ұжымға 25 адам мүшелік етеді.

 

Мәдина Қаби