Sailau banner

Қоғам

Есілдік бригада үйлерді жөндеу жұмыстарын аяқтады

Қаламыздағы Былғары зауыты ықшам ауданында су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары 2-ші мамырдан жүргізілуде. Маңызды іске Есіл ауданының механикалық бригадасы ауқымды үлесін қосып жатыр.

ВАДИМ КРАСНОЩЕК, Есіл ауданы әкімі аппаратының басшысы:

– Есіл ауданынның жауапты аймағында 112 үй болды, олардың ішіндегі 76-сы апатты деп танылды. Бүгінде 60-тан астамы бұзылды. 5 маманымыз үйлердің ішін жөндеуде. Олар: сылақшылар, сырлаушылар мен электриктер. Ал үйлерді сүру үшін 9 техникамыз бар. Бізге шағын аудан тұрғындары да көмектесуде.

Бұл – қалпына келтірілген үйлердің бірі. Сәуірдің 13-і тілсіз жау Болат Жисембаевтың үйіне кірді. Ол 18 жылдай осында тұрады. Тасқын кезінде су терезелердің ортасынан келіпті. Бүгінде жағдай өзгерген. Қарап тұрсақ, механикалық бригада өкілдерінің еңбегі зая кетпеді.

БОЛАТ ЖИСЕМБАЕВ, Былғары зауыты ықшам ауданының тұрғыны:

– Үйімдегі барлық жұмыс 1 айдың ішінде аяқталды. Едендер ауыстырылып, линолеум жаңадан төселді. Отбасыммен механикалық бригада қызметкерлеріне өте ризамын. Тасқын кезінде гуманитарлық көмек те берілді.

Жерлестеріміз де, жұмысшылар да дән риза. Есілдік жігіттер әр шаңырақты осылай қуантуды мақсат еткен. Сол үшін үйлерінен тыс жерде тер төгіп жүр.

СӘКЕН ҚАДЫРОВ, жұмысшы, Есіл ауданы:

– Осы үй бір айдан артық кептіріліп, демонтаж жұмыстары болды. Арнайы смета мен құжат бойынша барлық жұмыс толықтай атқарылды. Жалпы, 5 миллионнан артық ақша жұмсалды. Ағам мен апам ренжімесе болды.

Сандарға тоқталайық! Жөнделуі қажет 30 үйдің 16-сын тұрғындар өздері қалыпқа келтіруді жөн көрген. Қалған 14-і есілдік жігіттерге тапсырылыпты. Бүгінде маңызды 100 пайыз жұмыс аяқталды. Енді бригада саусақпен санарлық баспаналарды бұзып жатыр. Олар істі 15-ші тамызға дейін аяқтамақшы.

 

Анель Шаяхметова