Sailau banner

Қоғам

Жас сарбаздар ант қабылдады

Өткен демалыс күні Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінде жас сарбаздар ант қабылдады. Бір қолда – автомат, екінші қолда – көк папка. Онда Отанға, халқы мен Президентіне адал қызмет етемін деген жалынды сөздер жазылған. Ортаға 174 жігіт шықпақ. Арасында қарағандылық Әділ Маханов та бар.

ӘДІЛ МАХАНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Жасым 19-да.Мен Ұлттық ұлан қатарына келгеніме өте қуаныштымын. Себебі, қазіргі уақытта ҚР-да ең бірінші орында Ұлттық ұлан тұр. Өзімнің борышымды абыроймен өткеремін деген үміттемін.

Жас сарбаздардың өміріндегі тарихи оқиғаны ата-аналары тамашалады. Телефондарына түсіруде. Естелік видео мен суреттер туысқандар мен достарға жол тартары түсінікті. Ұлдарын сағынған жандар ел қорғандарын құшаққа алғысы келеді.

ГАУҺАР ҚАДЫРОВА, Астана қаласының тұрғыны:

– Бүгін балаларымыз ант қабылдап жатыр. Соған келдік. Әскери өмірдегі алғашқы қадам қайырлы болсын! Баламның осы сапта тұрғанына өте қуаныштымын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сарбаздар Петропавлға маусым айының соңында келді. Келесі жылдың жазында үйлеріне қайтады. Осы уақыт ішінде әскери өмірдің қызығы мен шыжығынан өтеді, темірдей тәртіпке бейімделеді.

 

Анель Шаяхметова