Sailau banner

Экология

Промышленный көшесі күл-қоқыстан тазарды

Сенбі күні “Таза Қазақстан” акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Игі іске түрлі ұйым өкілдері қатысты. Оның ішінде облыстық дін басқармасының қызметкерлері де болды.

АСХАТ ҒАЛИАСҚАРОВ, облыстық дін істері басқармасының маманы:

– Сенбілікке апта сайын 10 адамнан шығып тұрамыз. 0:34 0:45 Аталған акцияны қолдаймын. Қаламыздың таза, көркем болғаны жақсы ғой.

Таңмен таласқан жандар қолдарына күрек, тырма және қаптарын ұстаған. Бос тұрған бірде-бір жан көрмейсің. Барлығы аянбай тер төгіп, көшенің тазаруына белсенді ат салысуда. Игі істен қала еріктілері де қалыс қалмады.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Біз бүгін 100 қап қоқыс жинадық. Аты аталған акцияға аптасына 2 рет шығып тұрамыз. Сенбілікке 70-ге жуық ерікті шықты. Тазалық жұмыстарын сәуір айынан бастап алғашқы қар түскенше дейін ұйымдастырамыз. Барша шаһар халқын осынау маңызды акцияға қатысуға шақырамын.

Тазалық жұмыстарына қатысқандардың бірі – Мадияр Асхатұлы. Оның жасы небәрі 14-те екен. Биылғы жылы алғаш рет “Жасыл елдің” құрамына кірген. Ол аталған акцияға осымен 2-ші рет қатысып отыр.

МАДИЯР АСХАТҰЛЫ, ерікті:

– Мен өзім музыкантпын. Тазалық жұмыстарына өз еркіммен қатысып отырмын. Мұны хобби ретінде көремін. Маған ұнайды. Қала тұрғындарына айтарым, сенбілікке қатыспасаңыздар да көше бойына қоқыс тастамасаңыздар. Осы сенбіліктің арқасында жаңа достар таптым. Алдағы уақытта әр апта сайын тазалық жұмыстарына қатысып отырамын.

Көше бойы біршама тазарып қалды. Сенбілікке бір кісідей қатысқан жандар керексіз заттарды жинап, буып қойды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, “Таза Қазақстан” акциясы басталғалы 340 тоннадан астам қоқыс жиналған.

 

Нұрасыл Ахмет