Sailau banner

Қоғам

Орталыққа тасқын кезінде келіп түскен иттердің кейбірін иелері әкетпеген

Тасқын адамдардың ғана емес, жануарлардың да өмірін өзгертті. Жалғызсырап қалғандары аз емес. Бұл – Белла. Тасқыннан кейін қожайындары іздеп келмеген ит. Кәрі, қатерлі дертке шалдыққан. Мүмкін, қожайынның қайтып келмеуінің бір себебі осы шығар. Итті емдеу керек. Бұл да бір шығын. Оған жақында ота жасалады. Қажетті соманы волонтерлер жинап жатыр. Беллаға екінші баспана берген жомарт жан – Валентина Мухаметшина.

ВАЛЕНТИНА МУХАМЕТШИНА, волонтер:

– Үй маңынан ит асырайтын орталық ашқаныма алты жылдай болып қалды. Мұнда көктемде 38 ит болды. Қазір қалғаны – 21. Ал дәл тасқын кезінде келіп түскен жануарлардан екеуі қалды. 17-сін иелері әкетті. Көбін өз иелері қайтарып алса, кейбіреуінде жаңа қожайын пайда болды. Әрине, іздеп келген адам саны жетерлік, бірақ, олар кетсе де басқа иттер келіп, орындарын басады.

Итке де күтім керек. Валентина Мухметшинаға волонтерлермен бірге жолдасы да көмектеседі. Осындағы үйшіктерді сол кісі салған. Мұндағы жануарларға күніне 40 келі ботқа мен 4 келі ет керек екен. Ем-домы тағы бар. Бұның барлығына кететін қаржы аз емес. Қаражатты көп жағдайда жомарт жандар береді. Осында келіп жәрдемдесіп тұратын еріктілер де бар. Соның бірі – Әсем Қасымова. Ол тасқын кезінде судан иттерді шығаруға көмектескен.

ӘСЕМ ҚАСЫМОВА, волонтер:

– Кейбір кісілер өздерінің иттерін, мысықтарын іздеп келген кезде, тіпті жылаған кездері болған. Оларды құшақтап, жылап, иттердің қуанғандары қандай десеңізші. Көз жазсыз қарай алмайсың.

Тасқын уақытында петропавлдық волонтерлер 200-ге жуық ит-мысықты құтқарған. Оның 80 пайызын иелері алып кеткен. Барлығы – облыс бойынша осындай 40 шақты нысан бар. Оның дені волонтерлердің үйінде орын тепкен.

 

Мәдина Қаби