Sailau banner

Спорт

Малайзия ашық чемпионатында 16 медаль бұйырды

Әуезді музыка, сәнді киім мен үйлесімді қимыл. Мына видеоның өзінен түрлі сезімді бастан кешіруге болады. Таңданасың, сүйсінесің әрі мақтанасың. Себебі, бұлар – петропавлдық “S’avancer” хореографиялық би мектебінің өкілдері Ярослава Кузнецова мен Юрий Мирошниченко. Жерлестеріміз жақында сонау Малайзия ашық чемпионатына қатысып, қазылар алқасы мен көрерменді мойындатты. Қоржында – 4 алтын және 1 қола медаль.

Чемпиондарды теріскейліктер әуежайдан күтіп алды.

ЯРОСЛАВА КУЗНЕЦОВА, “S’avancer” хореографиялық би мектебінің өкілі:

– Біз түрлі деңгейдегі жарыстарға жиі барып тұрамыз. Осы айда екі турнирге қатыстық. Бірі Қытайда өтсе, екіншісі Малайзияда өтті. Жұбымыз 7 жыл бұрын құрылды, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қимыл, жылдамдық, әуезділік. Мұның барлығы тынымсыз төккен тердің арқасында келді. Әлі де үйренереміз көп.

Байрақты бәсекеде Валерия Литвинова мен Максим Сенькиннің де жұбы өнер көрсетті. Қайыңдай бұралған Валерия нәбәрі 16 жаста. Би әліппесінің алғашқы парақтарын 6 жасында ашыпты. Малайзияда бишілерімізге 6 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль бұйырды.

ВАЛЕРИЯ ЛИТВИНОВА, “S’avancer” хореографиялық би мектебінің өкілі:

– Біз жарысқа ұзақ дайындалып, бар күшімізді салдық. Климат жағынан кішкене қиындықтар болды. Малайзия – өте ыстық ел. Мықтылармен шеберлік сынасып, жүлде еншілегеніміз – дайындықтың зая кетпегенінің белгісі. Жеңіске қол жеткіздік. Қуанышымызда шек жоқ.

Жалпы, спорттық биден Малайзия ашық чемпионатында жерлестеріміз 16 медаль жеңіп алды. Әлем үздіктері таласқа түскен сында аядай ғана аймақтың арулары мен сымбатты жігіттері жарады. Олар қошеметке лайықты.

ЮЛИЯ ШИРИНА, “S’avancer” хореографиялық би мектебінің жетекшісі:

– Біздің екі жұбымыз таң қалатындай нәтиже көрсетті. Ярослава Кузнецова мен Юрий Мирошниченко бұған дейін талай жарысқа қатысты, мойындарына түрлі санаттағы медаль ілінді. Олардың санында есеп жоқ. Ал Валерия Литвинова мен Максим Сенькин алғаш рет бақ сынады. Соған қарамастан шәкірттерім 13 санаттың 6 санатында топ жарды. Осыларды санай келе, әлемдік форматтағы біріншілікте 3-ші орынға ие болды.

Енді жерлестеріміз қарашада өтетін Азия чемпионатына дайындалады. Хореографиялық би мектебінің мақсаты – тұғырдан түспеу.

 

Анель Шаяхметова