Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданында үй кілттері тапсырылып, «Ақбидай-2024» жазғы спартакиадасының ашылуы өтті

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл ауданында болды. Алдымен аймақ басшысы «Болашақ» саябағын аралады. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Демалыс орнында ыңғайлы орындықтар, балалар ойын алаңы мен мәдени және тарихи ескерткіштер бар. Өңір жетекшісі жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, олардың өзгерістерге қатысты пікірін білді.

Ғауез Нұрмұхамбетов аудандық мәдениет үйінде де болды. Ғимарат күрделі жөндеуден кейін айтарлықтай өзгерген. Шығармашылық ұжым мәртебелі меймандарды әнмен және дәммен қарсы алды.

Есілде екі отбасы көптен күткен қоныс тойын тойламақ. Мария Иванова мен Евгений Шаповал облыс басшысының қолынан жаңа үйлердің кілтін алды. Баспана халықтың әлеуметтік осал топтары үшін салынған. Айтулы оқиғамен ауыл тұрғындарын Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін арнайы келіп отырмыз. Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын, кезегі келген жандарға үй кілттерін табыстауды жөн көрдік. Бұл шараға қатысқаныма қуаныштымын. Баспаналарыңыздан бақ-береке кетпесін!

Облыс әкімі салынған үйлерді аралап, бөлмелердің бөлінуі мен сапасына баға берді. Бөріктерін аспанға атқан есілдіктерге бағалы сыйлықтар да табыс етілді.

Жаздың басты спорттық оқиғасы – «Ақбидай 2024» облыстық спартакиадасы. Биыл Есіл ауданында өтіп отыр. Явленка ауылындағы стадионға облысымыздың барлық ауданынан келген командалар жиналды. Доданың ашылу салтанаты бұқараның көңілінен шықты. Ұйымдастырушылар тыңғылықты дайындалған.

Ғауез Нұрмұхамбетов спортшыларды спартакиаданың ашылуымен құттықтап, барлық командаларға табыс пен жеңіс тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қайырлы кеш, құрметті жарысқа қатысушылар, жанкүйерлер және қонақтар! Қош келдіңіздер! Елде спортты дамытуға басымдық берілген. Жерлестеріміз үшін спорт қолжетімді болуы тиіс. Құрметті жарысқа қатысушылар, сіздерге өмір мен спортта үлкен жетістіктер тілеймін!

Спартакиада жылда тартысты өтеді, ол бірнеше спорт түрін қамтиды.

БАҚЫТ АРЫҚБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:

– Спорттың 13 түрі бойынша сайыс өтеді. Дойбы, шахмат, баскетбол, волейбол, зілтемір, гір көтеру, футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, жазғы президенттік көпсайыс, ату және велоспорт. Мықтылар жиналды. Үздіктер жыл да сайыс алаңын қыздырады.

Аймақ басшысы өңірімізде бұқаралық спортты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Аймақта жыл сайын спорт кешендері салынып, ауылдарда дене шынықтыру-сауықтыру орындары ашылуда.

 

 

Байболат Құлтанов