Sailau banner

Қоғам

Төрт жыл бойы салған жаңа үйді тасқыннан кейін қайта жөндеуге тура келген

Тасқын төрт жыл бойы төккен терді зая кетірді. Бұл – Бескөл ауылындағы Акимовтардың үйі. Отбасы осы қыста ғана үйдің құрылысын аяқтап, етек-жеңін жинап, жаңа баспанаға кіре берер сәтте тасқын төнді. Қалың су үйге құйылған ақшаны да шайғандай із қалдырған. Үй ғана емес, ішіндегі бүкіл жиһаз жаңа болыпты. Ерлі-зайыпты тоңазытқыштан басқа ештеңені құтқара алмаған.

АЛЕКСАНДР АКИМОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Баспанамызды 4 жыл бойы салдық. Осы қыста ғана толықтай құрылыс жұмыстарын аяқтап, енді ғана кірген бетіміз. Қалың су бәрін құртып кетті. Бастысы, өзіміз аманбыз. Бұндай қиындықты жалғыз біз ғана көріп отырған жоқпыз. Тасқын бүлдірген баспананы мемлекеттің қолдауымен қалыпқа келтіріп жатырмыз.

Жалпы, жөндеу жұмыстары 5 млн теңгеге бағаланыпты. Ерлі-зайыпты қолға ақша түсе салысымен іске кіріскен.

АЛЕКСАНДР АКИМОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Ақшаны осыдан екі апта бұрын ғана алдық. Астанадан бағалаушылар келіп қарады. Үйіміздің жалпы көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Төрт бөлмелі. Әйелім мен екі балам бар.

Отбасыға үйді жөндеуге әкелері көмектесуде. Кезінде құрылысшы болған екен. Ол да осы Бескөлде тұрады. Тасқын кезінде Акимовтар әкелерінің үйін паналапты. Алпысты алқымдаған азамат «Балаларыма мен көмектеспегенде кім көмектеседі?», – дейді.

МИХАИЛ КУВЫКИН, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Суда тұрып қалған заттардың барлығын лақтырып жіберуге тура келді. Тасқын кезінде су төбеге дейін жетті. Біз маңдай термен салынған жаңа үй мүлдем тұруға жарамай қала ма деп алаңдадық. Ағаштан нығыздап тұрғызылған үй ақыры шыдас берді. Бірақ, еденін ауыстырдық, қазір қабырғаларын түзеп жатырмыз. Алда әлі біраз шаруа бар. Қыс келгенге дейін аяқтау керек.

Үйдегі жұмысты тындырған соң, отбасы мүшелері жоспарлағандай баспананың кіреберіс бөлігі мен маңайға монша салады.

 

Мәдина Қаби