Қоғам

Тамыз айында 33 градусқа дейін ыстық болады

Көзді ашып-жұмғанша тамыз да келіп жетті. Жаздың соңғы айы қандай болмақ? Бұл сұрақты «Қазгидромет» өкілдеріне қойдық. Мамандардың сөзінше, осы айдың ауа райы құбылмалылық танытады. Найзағай болады, өткінші жаңбыр жауады, кейбір аудандарда бұршақ жауып, қатты жел соғады.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Айдың бірінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 13-18 градус жылыдан 15-20 градус жылыға дейін, күндіз 20-25 градус жылыдан 25-30 градус жылыға дейін шамалы ауытқуы болжанады.

Екінші онкүндікте ауа райы бұзылады дейді синоптиктер. Айдың ортасында салқын әрі жаңбырлы күндер жиі болады. Сынап бағанасы тіпті +5 градусқа дейін төмендейді.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасының түнде 13-18 градус жылыдан 8-13 градус жылыға дейін, күндіз 25-30, кей жерлерде 33 градус жылыдан 17-22 градус жылыға дейін ауыстқуы күтіледі. Жауын-шашынның айлық мөлшері норма шамасында, кей жерлерде нормадан көп күтілуде.

Енді тарихи дерекпен бөлісейік. Сонау 52-ші жылдың 26-шы тамызында өңірімізде жаздың соңғы айындағы ең жоғары температура тіркеліпті. Сынап бағанасы +39 градусқа жақындаған екен. Ал ең төмен көрсеткіш – минус 0,5 градус 71-ші жылы тіркелген. Қала тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Тамыз – жаздың соңғы айы болғандықтан еңбек демалысын ойдағыдай өткізу үшін әлі жылы күндер жиі болады деген үмітте.

– Тамыз айынан барлығымыз ыстықты күтеміз. Жаңбырлы күндер де болатын шығар.
– Әрине, ыстық ауа райын күтеміз. Тамыз айы – нағыз ыстық болуы керек мезгіл. Себебі, ол кезде ауылды жерлерде егін шығады. Оларға қазір ыстық өте қажет.

 

Мәдина Қаби