Sailau banner

Қоғам

Петропавлда кісі қолынан ажал құшқан милиция қызметкерінің денесі қайта жерленді

Петропавлдықтар және қала қонақтары Юрий Медведев атындағы көшені біліп, азаматтың өзін білмеуі мүмкін. Қазір тарих беттерін парақтайтын жастардың азайғанын ескерсек, бұл таңқаларлық жайт емес. Юрий Васильевич – ержүрек милиционер. Ол 63-ші жылдың 16-ші желтоқсанында кісі қолынан ажал құшты.

ЛЮДМИЛА БАХУР, Юрий Медведевтің қызы:

– Өткен жылы әкемнің өмірден озғанына тура 60 жыл болды. Сержант түн ішінде шақыртуға барған. Хабарлаған адам жақында ғана түзету орнынан келген петропавлдық әйелін атып тастағанын айтқан. Сақшылар тобы қарулы қылмыскерге дереу жол тартады. Келгесін әкем жерде жатқан азаматшаға көмектесуге оқталған. Сол кезде ішімдікке сылқия тойып алған әлгі кісі шүріппені басады.

Оқ Юрий Медведевтің көзіне тиген. Тырнақтай ғана қорғасын теріскейлікті тілге келтірмейді. Осы орайда жерлесіміздің жомарттық қасиетін айта кетуіміз керек. Ол шақыртуға бірге барған жас әріптесін иықтан тартып, артта жүруді бұйырыпты. Осылайша, оның өмірін сақтап қалған. Жақында Людмила Бахур өзі мен туған бауырының көптен бері ойында жүрген істі жүзеге асырды.

ЛЮДМИЛА БАХУР, Юрий Медведевтің қызы:

– Біз әкеміздің денесін қайта жерлеу жайлы шешімге келіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жаздық. Көңіл толарлық жауап келді. Юрий Васильевичтің алғаш топырақ бұйырған жері қазір өте нашар күйде. Осыны ескердік. Жақында тиісті жұмыстар басталды. Барлығы біз ойлағандай аяқталды. Қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтамын.

Қолдау көрсеткен жанның бірі, бірегейі – белгілі тарихшы Анатолий Плешаков. Ол Юрий Медведевке туыс болып келеді.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, Юрий Медведевтің туысы, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Ағам жұмсақ, мейірімді адам ретінде жадымда қалды. Оның жазуы – бөлек өнер. Қолының шеберлігі болған. Шығармашылыққа жаны жақын еді. Шығармалары жазушылардан кем түспеді. Мен соларды оқып, емтихандарға дайындалдым. Қайта жерлеуге келсек, жергілікті әкімдік, полиция департаменті көмектесті. Өте ризамын.

Юрий Медведев – жастарға, әсіресе тәртіп сақшыларына үлгі боларлық тұлға. Полиция департаментінің музейіне бас сұққан жан атақты сержанттың өмірімен толығырақ таныса алады.

 

Байболат Құлтанов