Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Өңірдегі элеваторлар астық қабылдауға дайын ба?

Қазір өңірдегі элеваторларда астық қабылдауға қызу дайындық жүріп жатыр. Облыста барлығы – 46 астық қабылдау кәсіпорны бар. Нысандардың сыйымдылығы 3 млн 200 мың тоннаны құрайды, ал астық кептіргіштердің саны 330-ден асады, қуаттылығы сағатына 10 тоннадан аса өнім кептіруге жетеді. Облыс орталығындағы шоқтығы биік кәсіпорындардың бірі – “Alem Astyk Export”. Кәсіпорын жаңа астықты қабылдауға толығымен дайын.

НҰРЖАН ДАУТОВ, “Alem Astyk Export” ЖШС директоры:

– Элеватордың сыйымдылығы 120 мың тоннаны құрайды. Жаңа астықты қабылдау үшін жыл сайын материалдық-техникалық базаны дайындаймыз. Оған мынадай жұмыстар кіреді: технологиялық жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету, автомобиль мен темір жол таразыларын, зертханалық жабдықтар мен қойманың сыйымдылығын тексеру, оларды тазарту, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу.

Кәсіпорын 2 жыл бұрын ғана ашылған. Серіктестікте 50 адам жұмыс істейді.

НҰРЖАН ДАУТОВ, “Alem Astyk Export” ЖШС директоры:

– Жаңадан ашылған кәсіпорын болғаннан кейін біз жайлы көбі біле бермейді. Орақ науқанына тыңғылықты дайындалдық. Барлық зертханалық жабдықтар астық қабылдауға 100 пайыз дайын. Ең бірінші, тұқымның дымқылдығын тексеретін құрылғыны қалыпқа келтірдік. Бидай ылғалды болса кептіру қажет, әйтпесе көпке бармай шіріп кетеді. Орақ науқанында бірнеше ауысыммен 24 сағат еңбек етеміз.

Мамандардың айтуынша өңірдегі барлық элеватор дайындық жұмыстарын тамыздың 15-сіне дейін тындырып үлгерулері тиіс.

 

Нұрасыл Ахмет