Sailau banner

Қоғам

Айыртау ауданында жаңа демалыс базасы ашылды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Айыртау ауданы туралы естісек, бірден Шалқар, Имантау көлдері еске түседі. Бірақ, бұл ауданда демалам деушілерге арналған тағы да бірнеше орын бар. Соның біреуі – биыл ғана ашылған “Заря” туристік базасы. Мұнда адамдарға қандай жағдай жасалған? Қазір бәріміз бірге танысатын боламыз.

Қаладағы күйбің тірліктен тынығамын деген жандарға жайлы жер. Айыртау ауданында су жаңа демалыс орны жұмысын бастады. “Заря” базасы бір мезетте 60 адамды қабылдай алады. Кешенді кәсіпкер өз қаражатына салған.

БАЛЫШ БАЙБАЗАРОВА, “Заря” демалыс базасының директоры, Айыртау ауданы:

– Демалыс орнының жан-жағы жасыл желекке толы. “Ақкөл” көлінің маңында орналасқан. Қазақы дәстүрді жаңғырту мақсатында киіз үйлерді де орнатып қойдық.

Демалысын жақсы өткізем деген жандар үшін мұнда сұлу табиғат, мөлдір судан бөлек, іші жайлы, жылы баспана бар. Мұндағы аумақ үлкен емес. Кәсіпкер әр жерді тиімді пайдаланбақ ниетте. Демалушыларды көбірек қабылдау үшін ол алдағы уақытта 2-3 қабатты үйлердің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Туристік базаның құны қалта көтерерлік. Келем деушілерге есігіміз әрдайым ашық дейді кәсіпкер.

БАЛЫШ БАЙБАЗАРОВА, “Заря” демалыс базасының директоры, Айыртау ауданы:

– Бізде 6 кіші үй бар. Бағасы – 30 мың теңге. Адамдарға барлық жағдай жасалған, керектінің бәрі бар. 2 қабатты коттедж бар. 18 адам сыяды. Бағасы – 150 мың теңге.

Енді ашылған туристік базаға сұраныс күн сайын артып келеді. Күніне орта есеппен 25 адам демалады екен. Мәселен, қазір 6 үйдің тек біреуі ғана бос тұр. Қалғандары тынығушыларға лық толы. Жанға жайлы орынға еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар ағылады. Соның бірі – Нұрлан Әбенов. Ол бұл жерге Астана қаласынан келіпті.

НҰРЛАН ӘБЕНОВ, демалушы:

– Маған ұнады. Керектінің бәрі бар. Демалам деуші жандарды осы жерге келуге шақырамын.

Ақкөл көлінің жағасында орын тепкен туристік базаның есігі демалыстарын жақсы өткізем деген жандарға жыл он екі ай ашық.

 

Нұрасыл Ахмет