Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Жамбылдық кәсіпкер “Ауыл аманатының” арқасында жылқы өсіруді қолға алды

Жамбыл ауданында жылқы өсірумен екі адам айналысса, соның біреуі – Василий Давидович. Кәсіпкерден неге қой-сиыр емес, жылқы деп сұрап едік, бағу, күту оңай дейді әрі бала кезінен жылқыға мініп өскендіктен оған деген ықылас ерекше. Еңбекқор азамат – “Ауыл аманатына” жүгінгендердің бірі. Благовещенкада бір жыл бұрын 5 млн теңге алып, оған жылқы сатып алған. Қарызын қайтарған.

ВАСИЛИЙ ДАВИДОВИЧ, кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиісті құжаттарымды жинап тапсырдым. Жобам тез арада мақұлданды. 5 млн теңгеге 8 жылқы сатып алдым. Биыл әзірге екеуі ғана төлдеді. Өйткені, қыс қатты болды.

Кәсіпкер қазір 10 жылқыға қысқа деп жемшөп әзірлеп жатыр. Жылқылар жазда жайылымда болса, қыста қорада тұрады. Жанында шашпасы бар.

ВАСИЛИЙ ДАВИДОВИЧ, кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– Техника жалдап, шөп жауып жатырмын. Көлемі неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Жануарлар күн суығанша дейін далада ауылдың жылқыларымен жүреді. Кейбіреуін семіртуге қоямын. Қазіргі күйінде де біреуге сатуға болады. Мақсатым – жылқы санын көбейтіп, одан өнім алу.

Жалпы, Жамбыл ауданында “Ауыл аманаты” жобасы аясында бір жыл ішінде 11 адам жобаға бастау берген. Жиынтық сома – 85 млн теңге. Қаржы негізінен мал шаруашылығы мен саудаға бағытталған.

 

Мәдина Қаби