Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Қызылжар ауданында болды

Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында 900-ге жуық адам тұрады. Көктемгі су тасқыны кезінде бұл елді мекенде 321 үй зақымданды. Олардың қатарында Надежда Крутскихтің баспанасы да бар. Надежданың айтуынша, Тайынша ауданынан келген мехбригада үйді қалпына келтіріп жатыр. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов атқарылып жатқан жұмыспен танысып шықты.

Сметалық құжат бойынша баспананы қалпына келтіруге 5 млн 800 мың теңге бөлінген.

Бұл үйді жөндеуге Тайынша ауданының механикалық бригадасы 25-ші мамыр күні кірген. Олар Большая Малышка ауылындағы 24 үйге жауапты.

МИРАС БУКБАЕВ, «БУКБАЕВ» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Бұл жерде басынан бастап аяғына дейін еденін ауыстырдық. Үйдің ішіне жылы еден орнаттық. Сыртқы жұмыстар болды. Электриканы да ауыстырдық. Барлық тұсқағаз, линолеум – барлығын орнаттық.

Ал бұл – Николай Машкиннің баспанасы. Қазіргі таңда ауыл тұрғыны үйді өз күшімен қалпына келітіріп жатыр. Ғауез Торсанұлы жөндеу жұмысымен танысып шықты.

Бұдан кейін өңір басшысы елді мекенде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктке келді. Жоба құны – 203,3 млн теңге. Құрылыс мамыр айында басталған. Бас мердігер – «Севимсталькон» ЖШС.

СҰЛТАНБЕК ГАЗДИЕВ, «СЕВИМСТАЛЬКОН» ЖШС директоры:

– 20-шы мамыр күні келісім шартқа қол қойдық. Бірақ, құрылысқа 1 айдан кейін кірістік. Себебі, ауылдың ішінде су тұрды. Қазір сіз көріп отырған жерде ағаштар өсіп тұрған, олардың барлығын сырдық. Жерді қазған кезде ескі балабақшаның іргетасы шықты. Оның ішінде су тұр екен. Барлығын алып тастап кептірдік. Қазір іргетасын көтеріп жатырмыз.

Ғауез Нұрмұхамбетов кейін Большая Малышка орта мектебіне барды. Білім ордасы су тасқыны кезінде зақымданған. Қазір спорт залы мен асхана жөндеуден өтіп жатыр.

Келесі нысан – “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагері. Аймақ басшысы лагерьдің қазіргі жағдайымен танысты. Су тасқыны кезінде демалыс орнын су басқан. Жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір лагерь балаларды қабылдауға дайын.

ҒАФУРА БӨСТЕКОВА, «СЕРЕБРЯНЫЙ БОР» жазғы сауықтыру лагерінің директоры:

– Біздің лагерь барлығымен қамтылған. Асхана бар, душ орнатылған, ойын алаңдары да бар. Басында су мәселесі болды. Қазір оны да шештік.

«Серебряный бор» жазғы сауықтыру лагері қазіргі таңда 80 баланы қабылдай алады. Тамыз айында лагерь екі маусым жұмыс істемек.