Sailau banner

МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданында балық өңдеу және консервілеу зауыты ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында өзен-көл жеткілікті. Бұл балықтың сан түрін өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Нәтиже дүйім жұртты аяққа тік тұрғызып, қол соққызбаса да сіз бен бізді қуантпай қоймайды. Жетістікті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов мырза жіпке тіздшi.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Мемлекет 2021 жылдан бастап аквамәдениетті дамытуға мықтап кірісті. Өңірде жарамды су айдындары санының едәуір өсуі байқалды. Бұл тауарлық балық өсіру көлемінің 147%-ға өсуіне әкелді. Мысалы, былтыр өңірімізде 1 428 тонна балық өсірілген. Ал 21-ші жылға зер салсақ, көрсеткіш 577,3 тоннаны құрағанын аңғарамыз.

Өзен-көлдің бәрінде бірдей балық өспейді. Яғни, күндер өте айдынға арнайы жіберілген алабұға аласұрмауы, көксерке көрінбеуі мүмкін. Мұндайға жол бермеу үшін сала өкілдері ғылымға сүйенеді.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Балық шаруашылығы су айдындарының санын ұлғайту мақсатында ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 19 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 62 жаңа су айдынын зерттеу жүргізіледі. Былтырғы нәтижені жақсы білеміз. Өткен жылы 16 млн 240 мың теңгеге 41 су айдыны тексерілді. Нәтижесінде 40-ы кәсіп жүргізуге жарамды деп танылды.

Өкінішке қарай, Петропавл балық питомнигі тасқыннан зардап шекті. Қазір жарамсыз күйде тұр. Бұл кәсіпорынның тамырына қайтадан қан жүгіруі тиіс. Сондықтан, жергілікті билік жауапты органға хат жолдапты.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Бұл мәселемен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Хат жолдадық. Әзірге, жауап алмадық.

Қоса кетейік, біздің облыста балық шаруашылығы саласында 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – Мамлют ауданында. Мұнда келесі жылы жылдық қуаты 50 тоннаға дейін жететін балықты өңдеу және консервілеу зауыты ашылады.

 

Байболат Құлтанов