Sailau banner

Қоғам

Тасқын кезінде көмек қолын созған көлік жөндеуші

Айдар Сұлтанғалиевті аузын ашса жүрегі көрінетін адам деп бағалауға болады. Ол тасқын кезінде аянып қалмады. Үйіндегі аядай ғана көлік жөндеу орнында өзге жақтан келген әскерилерге тұтас станциялардың қызметін ұсынды. Яғни, топан сумен күрескен жандардың техникасын лезде әрі тегін қалыпқа келтіріп отырды.

АЙДАР СҰЛТАНҒАЛИЕВ, жеке кәсіпкер:

– Көліктері қираған әскерилерге менің нөмірімді бөгеттерді нығайтқан жергілікті жүргізушілер берген екен. Базыналарына бірден құлақ түрдім, мекенжайымды беріп, өзіме шақырдым. Бұл қиын сәтте барлығы көмек қолын созды. Мен де шама-шарқымша жәрдемдесуді жөн көрдім. Қоңырау шалған жігіттерді кезексіз қабылдадық. Олардың маңыздылығын түсініп, істі қысқа уақыттың ішінде аяқтап отырдық. Телефон арқылы ақыл-кеңес берген сәттер де болды.

Айдар Сұлтанғалиевтің жомарттық қасиетін де айта кету қажет. Ол қиын жағдайға тап болған әскерилерге қызмет көрсету орнындағы бөлшектерді тегін беріпті. Одан қалды, өз қалтасынан ақша шығарып, дүкен аралаған, қажетті құрал-жабдықтарды іздеген.

АЙДАР СҰЛТАНҒАЛИЕВ, жеке кәсіпкер:

– Көліктерге бөлшектер, техникалық сұйықтықтар қажет болды. Олардың барлығы іздегенде табыла бермейді. Ал әскерилер өзге жақтан алдыртса, уақыт кетеді. Осыны түсініп, өз ақшама қажетті заттарды алдым. Бірсыпыра қаржы кетті. Бірақ, мен сол кезеңде шығын жайлы мүлде ойламадым. Тасқыннан кейін әскери бөлімдердің басшылығы хабарласты. Жәрдем үшін алғыс айтты.

Ақкөңіл әрі жомарт Айдардың еңбегі елеусіз қалмады. Ол Петропавлдың туған күнінде облыс әкімінің қолынан марапат алды. Еңбекқор теріскейлік жарымен 3 бала тәрбиелеп отыр. Үлкені – студент, екіншісі биыл мектепті “Алтын белгіге” аяқтапты.

 

Байболат Құлтанов