Оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардан маза қашары сөзсіз. Әрине, бәрінен бірдей емес. Алайда, арамызда айлық санайтын азамат-азаматшалар жетерлік. Мұндай жандарға көмек көрсету үшін жыл сайын “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Науқан 1-ші тамызда басталады.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– 2023 жылы 9 560 балаға көмек көрсетілген. Биыл бала саны 1 300 балаға артты. Ата-аналар құжаттарды жинап, мектеп тапсырады. Сосын 43 407 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.
Айта кету қажет, тиісті жәрдемақы балалардың 5 санаты бойынша тағайындалады. Бұл тұрғыда әр адам мектепке хабарласып, ақпарат алғандары артық етпейді. Ескерер жайт, биыл тасқыннан зардап шеккен отбасылардың ұл-қыздарына да қолдау көрсетіледі.
ДИНАРА РАҚЫШЕВА, Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:
– Петропавлда оқушыларға көмек көрсету үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоспар құрылды. Азаматтардың өтініштеріне ден қою үшін 46-13-60 жедел желісі және 46-32-59 сенім телефоны жұмысын бастады.
“Мектепке жол” қайырымдылық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Ол “Жақсылық жаса” ұранымен өтеді.
Байболат Құлтанов