Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Петропавлда 4 жас жігіт колледж студентін несие алуға мәжбүрлеген

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы білім беру мекемелерінде қорқытып алу, адамды қамап қою, ұрлық және денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру фактісін анықтап, жолын кесті. Бұл қылмыстарды биыл
қаңтар-ақпан айларында бір топ жас жасаған. 20 мен 23 жас аралығындағы төрт жігіт тәртіп сақшыларының назарына ілігеді. Олардың үшеуі бұрын сотталған. Жедел ақпаратқа сәйкес, төртеуі таныс 18 жастағы колледж студентінен қорқытып ақша алған. Жәбірленушіні жалдамалы пәтерге қамап қойып, одан ақша талап еткен, психологиялық қысым мен күш қолданған, несие алуға мәжбүрлеген.

АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Солтүстік Қазақстан облысында жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2024 жылға арналған бағдарлама жоспарлап отыр. Оқу орындары мен мүдделі мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл тиімді іске асырылып келеді. Оқу орнында өткен осындай профилактикалық шаралардың бірінде жедел уәкілдерге бопсалауға ұшыраған 18 жастағы студент жүгінді. Келтірілген жалпы шығын 400 мың теңгеден асады. ҰҚҚКБ қызметкерлері қылмыскерлерді ұстау бойынша дереу шаралар қабылдады.

Студенттің соңына түсіп, тиыштық бермеген төртеуге қатысты сот үкімі шықты. Қалалық сот ұсталған төрт адамның үшеуін 8, 6, 4 жылға бас бостандығынан айырды, ал біреуі 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

 

Данаш Хамза