Sailau banner

ТКШ

Қалада жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

Қыстың қамын жазда ойла. Бұл – Интернационал көшесі, 24 мекенжайында орналасқан көпқабатты үй. Баспанада алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Бүкіл жұмыс жертөледе шоғырланған. Қуатты қондырғымен жылу жүйесіне қысым жіберу арқылы жуып-шаю жұмысы атқарылуда. Әдеттегі қысымның мөлшері 3 атмосфер болса, қазір жіберіліп жатқан қысым 6 асмосферді құрайды. Яғни, екі есе көп күш қолдану арқылы құбырлардың бүтіндігін тексереді.

ГҮЛНӘР КӘРІБАЕВА, «Интернациональная, 24» МИБ төрағасы:

– Көктемде жылыту маусымы аяқталғаннан кейін міндетті түрде келесі қауырт кезеңге дайындыққа кірісеміз. Өткені, бұл іске біраз уақыт кетеді. Жуып-шаю жұмыстарын бастамас бұрын 10 күн алдын тұрғындарды ескертеміз. Олардан белгілі бір күнде үйлерінде болуларын өтінеміз.

Құбырларды жуып-шаю үшін 2 сағат уақыт қажет. Таза су ақпайынша қысым жіберіледі. Мамандардың айтуынша, бұл процеске бейжай қарауға болмайды.

ГҮЛНӘР КӘРІБАЕВА, «Интернациональная, 24» МИБ төрағасы:

– Үйде тым болмағанда бір ересек адам болуы керек. Себебі, жуып-шаю кезінде апаттық жағдай туындауы мүмкін. Кейде қысымға шыдамаған құбыр жарылып кетеді. Осындай жұмыс жүріп жатқан кезде баланы үйде жалғыз қалдырмау керек.

Әрине, жаз мезгілі – үйде жөндеу жұмыстары қызатын кез. Бірақ, оны да уақытында аяқтаған дұрыс. Кейбір үйлерде жөндеу жұмысы жүріп жатқандықтан жылыту жүйесін тазалау процесі кейде ұзаққа созылып кететін көрінеді. Аталмыш жұмыстың барлығы 1-ші қыркүйекке дейін аяқталуы қажет.

 

Мәдина Қаби