Sailau banner

Қоғам

Итті дұрыс серуендетіп жүрміз бе?

Соңғы жылдары Петропавлда қаңғыбас иттердің саны ұлғайды. Адамның жіті бақылауындағы тұмсықтылардың да саны артып келеді. Мұндай үй жануарларын аулаларда, қоғамдық орындарда жиі көреміз. Сонда зәре-құтымыз қашатыны жасырын емес. Кей кезде төртаяқтыларға тұмылдырық тағылмайды. Шылбыры да бірнеше метрді құрайды. Осыларды жіпке тізе келе, ит қанша сенімді серік саналса да сауысқандай сақ болу қажет деген ой туындайды. Статистика ұсынайық. Өкінішке қарай, жағдай мәз емес.

АМАНЖОЛ НҰРТАЗИН, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:

– Соңғы 6 айдың ішінде өңірде ит қабу жайты 480 мәрте тіркелді. Мұндағы 270 иттің иесі бар. Қалғаны – иесіз жануарлар.

Яғни, иесі бар иттердің өзі адамға ұмтылады. Одан қалды, үй жануарлары аулаларды, қоғамдық орындарды былғап жатады. Бұған шылбыр ұстағандар көз жұма қарайды. Тиісті ережеге сүйенсек, қалдықтар төртаяқтылардың иесімен жиналуы тиіс.

АМАНЖОЛ НҰРТАЗИН, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:

– Қоғамдық орындарда адам көп болса, шылбырдың ұзындығы 1,5 метрден аспауы керек. Ал адам аз болса, көрсеткіш 2 метрден аспауы керек. Тазалық болуы шарт. Кейбір жандар жануарлардан қалған қалдықты жинамайды.

Ағымдағы жылдың 6 айы ішінде өңірде үй жануарларына қатысты 191 бұзушылық тіркелген. 210-нан астам әкімшілік айыппұл салыныпты. Оның көлемі 5 млн теңгеден асып жығылады. Бүгінде аталған сома толық көлемде өндірілген.

 

Байболат Құлтанов