Sailau banner

Қоғам

Уәлиханов ауданының мехбригадасына 146 үй тапсырылған

Тасқыннан зардап шеккен Ойқала ықшам ауданында қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Елді мекенде Уәлиханов ауданынан келген механикалық бригада аянбай тер төгуде. Білікті мамандар облыс орталығында 10-шы мамырдан бастап жүр. Ауқымды іс атқарылған. Осы уақытқа дейін 8 тонна қоқыс шығарыпты.

ТАЛҒАТ САҒИТОВ, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

– Жұмыс тобына 146 үй тапсырылды. Оның 115-і жарамсыз деп танылды. 100 баспаны сүрдік. Жұмыс тобында 5 бригада 40 адам істейді.

Механикалық бригадаға ықшам ауданның төменгі жағы берілген. Мұнда су көп тұрғандықтан қалыпқа келтіру жұмысы кеш басталыпты. Іскер жандардың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Олар ауа райының ыстық-суығына қарамастан еңбек етуде. Осыдан-ақ, өз ісінің нағыз мамандары екенін көре аламыз.

ТАЛҒАТ САҒИТОВ, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

– 4 үйді қалыпқа келтіріп жатырмыз. 1 баспананы толығымен тапсырдық.

Тасқыннан зардап шеккен жанның бірі – Геннадий Морев. Апат кезінде су үйдің шатырына дейін жетіпті. Отағасы уәлихановтық жұмыс тобының атқарып жатқан жұмысына дән риза.

ГЕННАДИЙ МОРЕВ, үй иесі:

– Үйді 2 ай кептірдік. Жұмыс барысын өзім қадағаладым. Барлығын мен қалағандай жасауда. Атқарған істеріне көңілім толады. Баспанамның сметалық құны 7 млн 800 мың теңгені құрайды. Ықшам ауданда тұрып жатқанына 60 жылдай болды. Сондықтан, үйден көшкім келмеді. Бағалаушылар келіп тұруға жарамды дегенде қуанышымда шек болмады. Жұмыстарын тез әрі сапалы істеп жатқан уәлихановтық жігіттерге алғысым шексіз.

Механикалық бригаданың өкілі Бақашар Үсенжанмен тілдесіп көрдік. Құрылыс саласының жілігін шағып, майын ішкен білікті маманның осы елді мекенде еңбек етіп жатқанына 3 айға жуықтапты.

БАҚАШАР ҮСЕНЖАН, жұмыс тобының өкілі, Уәлиханов ауданы:

– Күндіз-түні аянбай тер төгудеміз. Жалақымыз тұрақты берілуде. Жағдайымыз жақсы. Тұратын үйіміз бен тамағымыз тегін.

Іскер жандар барлық жұмысты 15 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Нұрасыл Ахмет