Sailau banner

Қоғам

Түрік онкологтары бас шайқаған жерлесімізге көмек керек

Шаһар тұрғыны Жанар Таманова жанын қоярға жер таппай отыр. Оның Мақпал есімді сіңлісі қатерлі іске шалдыққан. Қазір Астана қаласында жүр. Кезекті магнитті-резонансты томографиядан өтуге кетіпті. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қызды әпкесі қашықтықтан күндіз-түні осылай жұбатуға мәжбүр.

Мақпал – небәрі 27 жаста. Қызын өзі жалғыз тәрбиелеп отыр. Болашағына зор сеніммен қараған азаматша өткен жылдың тамыз айында ауырып қалыпты. Ал биылғы наурызда жағдайы мүлде нашарлаған. Дәл Халықаралық әйелдер күнінде өзге нәзікжандылар құттықтау қабылдағанда, Мақпал дәрігер қабылдауында болған.

ЖАНАР ТАМАНОВА, қала тұрғыны:

– Дәрігерлер неше түрлі диагноз қойды. Бірақ, ешбір ем нәтиже бермеді. Мақпал 20 келі салмақ жоғалтты. 8 наурызында қатты ауырып, Уәлиханов ауданынан Көкшетау қаласына жеткізді.

Көкшетауда МРТ жасалған. Нәтижесінде жуан ішек обыры деген қорқынышты диагноз қойылыпты. Бұл хабар Мақпалдың да, жақындарының да еңсесін түсірген. Артынша науқас Түркия елінде қомақты сомаға ем алады. Жақындары мал-мүлік жинаған, халыққа алақан жайған.

ЖАНАР ТАМАНОВА, қала тұрғыны:

– Стамбулға бардық. Сонда онкологтар таңқалды. Әдетте обырдың мұндай түрі егде жастағы адамдардан табылады екен. Ал менің сіңлім 27 жаста ғана. Мұндай ауру қалай жабысқанын білмейміз. Стресс, уайым…

Мақпалдың жақындары тағы да жомарт жұрттан көмек сұрауға мәжбір. Жерлесімізге қыркүйек айының соңында Түркияда кезекті операция жасалады. Қажетті сома – 17 млн 500 мың теңге. Қазір ақша жиналып жатыр. Алайда, көлемі өте аз.

ЖАНАР ТАМАНОВА, қала тұрғыны:

– Сенімдімін, Мақпал осы ауруды жеңіп шығады.

Айта кетерлік жайт, Түркияда алғашқы операция жасалған кезде Рамазан айы болыпты. Сонда ақша тез жиналған екен. Келесі он екі айдың сұлтанына дейін біраз уақыт барын ескерсек, халық көп кешікпей бір жеңнен қол шығаруы тиіс. Кез келген уақытта жасалған сауап қабыл болары сөзсіз…

 

Байболат Құлтанов