Sailau banner

Мәдениет

Теріскейлік құрақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалуда

Петропавл қаласының тұрғыны Ғалия Амантайқызын он саусағынан бал тамған шебер деп айтуға болады. Жерлесіміз тігіншілікке құштар. Ол – көз сүйсіндірер бірсыпыра жұмыстың авторы. Бір қызығы, зейнеткер бұл жұмыспен өзгелер сияқты бала күннен айналыспайды. Қолына ине мен жіп алғанына 10 жылдай ғана болған.

ҒАЛИЯ АМАНТАЙҚЫЗЫ, құрақшы:

– Әжем мен шешем шебер болды. Енем де іс тікті. Солардан көрдім. Бір күні ұлым жаңа тігін машинасын әперді, осылай мансабым басталды.

“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, Ғалия Амантайқызы ұлы жолды жалғастырды. Қазір жерлесіміз маңызды шараға дайындалып жатыр. Құрақшы қыркүйек айында елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Онда көпшілік назарына мынандай туындысын ұсынады.

ҒАЛИЯ АМАНТАЙҚЫЗЫ, құрақшы:

– Өңірден 9 құрақшымыз. Шараға бір көрпеден апарамыз. Әрқайсысының ұзындығы 2,5 метр болады. 4 көрпе дайындалды.

Сұхбат барысында зейнеткер толғандыратын мәселелерді де тілге тиек етті. Өңірде тігіншілік өнер кенжелеп тұр. Бұдан бөлек, жергілікті шеберлер өңір ішінде өтетін шаралардан тыс қалады екен. Тағы бір маңызды жайт кесте тігер теріскейлік қыздар ине сабақтауға құлықсыз.

ҒАЛИЯ АМАНТАЙҚЫЗЫ, құрақшы:

– СҚО-да балалар құрақшылық өнерді меңгермей жатыр. Бұл өнер адамдарды құрақ көрпе сияқты біріктіреді. Ауызбіршілікке шақырады. Қыздар үйрену керек. Өкінішке қарай, қазір мүмкіндік жоқ.

Шебердің ойлағаны бар. Ғалия Амантайқызы болашақта кеңсе жалдап, тігіншілік өнерді қыздарға үйретпек ниетте. Алайда, ол үшін қолдау керек.

 

Байболат Құлтанов