Sailau banner

Қоғам

“Ауыл аманатының” арқасында кәсібін кеңейткен

Қазір ауылдан қалаға көшуші көп. Ал кәсіпкер Фарит Муфтяхетдиновтің мақсаты – ауылда қалып, ауылды дамыту. Іскер азамат – Жамбыл ауданының тумасы. Пресновкада туып-өскен. Аудан орталығында бизнес түрі баршылық, бірақ сұранысқа ие бағыт – көлік жөндеу орталығы аздау екен. Оның өзі шағындау болған көрінеді. Фарит Муфтяхетдинов 3 жыл бұрын ашқан кәсіпкерлік нысанын “Ауыл аманатының” арқасында кеңейтіп алған. Бұл мақсатқа 8 млн теңге жұмсаған.

ФАРИТ МУФТЯХЕТДИНОВ, кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– Көлік жөндейтін орталықтың жанынан бейінді дүкен аштым. Онда темір тұлпардың түр-түріне арналған құрал-сайман сатылады. Алысқа барудың қажеті жоқ, сынған көлікке қажет жабдықты осы жерден табасыз. Бұл клиент үшін өте ыңғайлы. Әрі уақытын үнемдейді, әрі жұмыстың сапасына оң әсер етеді. Мұндай орталық ауданда жоқ.

Орталықтың тұрақты тұтынушылары бар. Еламан Қазыбаев көлігіне қажет заттарды қаладан емес, осы жерден алады екен. Өйткені, сапалы, бағасы да көңілге қонымды.

ЕЛАМАН ҚАЗЫБАЕВ, Жамбыл ауданының тұрғыны:

– Көлігімнің қорапшасына май алдым. Дүкеннің тұрақты тұтынушысымын. Түгел заттарды осы жерден аламын. Өте жақсы дүкен. Көлікке қажет қаттардың барлығы бар. Бағасы да тиімді.

Мұнда көлікті жөндеуге болады, жууға болады, майын да ауыстырып береді. Нысанның кеңеюімен жұмысшы саны да артыпты. Қазір білікті 8 маман еңбек етіп жатыр. Орталық ыңғайлы жерде орналасқан. Қызметтеріне сұраныс мол.

ФАРИТ МУФТЯХЕТДИНОВ, кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– Жұмысшылардың барлығы – темір тұлпардың қыр-сырын таныған азаматтар. Қажет құрал-сайманды негізінен шет мемлекеттерден тапсырыспен алдыртамыз. Өзімізден де келеді. Негізі, табысты іс. Мемлекеттен алған қарызды бір жылдың ішінде қайтардым.

Жалпы, Жамбыл ауданында “Ауыл аманаты” жобасы аясында 11 адам өз кәсіптерін доматалып отыр. Оның үшеуі – Пресновка ауылының тұрғыны. Іскер азаматтар қаржыны көбінесе мал шаруашылығына бағыттаған.

 

Мәдина Қаби