Sailau banner

Құқық қорғау органдары

30 жастағы тайыншалық ауылдастарын алдап 140 млн теңге жинап алған

30 жастағы әккінің әрекеті таң қалдырады. Тайыншалық тұрғын ауылдастарына бизнесін дамытуға ақша керек деп түрлі сылтау айтып, 140 млн теңге жинап алған. Оған сенген тамыр-таныстары 2 жыл бойы несие алып келген. Несиені банктердің мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеп, қу жігіт көрсеткен шотқа аударып отырған. Айлакер алған ақшаны қайтармағаннан кейін оңбай алданғандарын түсінген. Қу ер адам құрықталды, іс қозғалды. Ол 16 эпизод бойынша күдікті деп танылған. Бұрын сотталмаған.

Мадияр Харипов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған күдіктінің алаяқтықтың басқа ұқсас эпизодтарына қатысы бар болуы мүмкін.

 

Мәдина Қаби