Sailau banner

Білім

Петропавлда төрт бірдей жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр

Үкіметте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдің төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Бұл туралы министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда, оның аясында 2026 жылға дейін 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 217 мектеп бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұлттық жобаны іске асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Талаптардың қатарында заманауи техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Ұлттық жобадағы қазақстандық өндіріс материалдарының үлесі орта есеппен 70% құрайды, оның ішінде құрылыс материалдары 90%-ға дейін. Жиһаз өнімдері тек отандық өндірістен қарастырылған. Бұл жайында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы М. Айманбетов баяндады.

МӘУЛЕН АЙМАНБЕТОВ, «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ Басқарма Төрағасы:

– Алғашқы нысандарды іске қосу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталады. Яғни, 21 жайлы мектеп тамыз айында оқу жылы басталғанға дейін ашылады. Бұдан әрі жоспарға сәйкес қыркүйек айында 18 мектеп, қазан айында тағы 58 және жыл соңына дейін 112 мектеп ашылады. Сонымен қатар, елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 85 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 8 мектеп пайдалануға берілді және 30-дан астам мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін салу жоспарлануда.

Еске сала кетейік, теріскей өңірінде төрт бірдей жайлы мектеп салынып жатыр. Облыс орталығындағы әрқайсысы 600 орындық қос білім ұясы жыл соңына дейін тапсырылады. Сонымен қатар, “Қопай” мен “Жас өркен” ықшам аудандарында бой көтеріп жатқан екі жайлы мектеп келесі жылы есігін айқара ашады.

 

Мәдина Қаби