Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Кәсіпкер Айымжан ауылында жол салуды жоспарлап отыр

Бұл – Жамбыл ауданына қарасты Айымжан ауылы. Осы көктемде елді мекенге жаңа агроқұрылым келді. Басшылығы – кілең жастар. Осында егін егіп, мал өсіріп, қайтарымы ретінде ауылды да көркейтуге өз үлестерін қоспақшы. Жастардың жоспары көп.

ЕРКЕБҰЛАН ЖАНБАТЫРОВ, «RAMAZAN AGRO 2024» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Біздің агроқұрылым дәнді дақыл өсірумен айналысады. Сондай-ақ, 50 қара мал алдық. Олар қазір Орталық деген ауылда. Алдағы уақытта малдың да санын көбейтеміз. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының жағдайын жасаймыз, елді мекенді көркейтуге бар күшімізді саламыз. Осы бір айдың көлемінде мектепке қаржы бөлдік. Қаржы балалардың тегін тамақтануына бағытталған.

Серіктестіктің 16 мың гектарға жуық жері бар. Оның 9 мың гектары дәнді дақыл егуге берілсе, қалғаны жайылымға арналған. Техника саны 40-қа жуықтайды. 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылыпты. Ерден Қайыров – агроном. Білікті маманның айтуынша, егін бітік шығып жатыр, бірақ жауын-шашын тым көп дейді.

ЕРДЕН ҚАЙЫРОВ, агроном, Жамбыл ауданы:

– Биылдан бастап 9 мың гектар жерге дәнді дақыл егудеміз. Олар: дәнді бұршақ, майлы дақылдар. Егіннің биыл шығуы өте жақсы. Бірақ, осы жылы жауын өте көп. Сондықтан, қиындық тудырып жатыр.

Жаңа агроқұрылымда жұмыспен қамтылған 50 азаматтың 35-і – ауыл тұрғындары. Бұған дейін жалғыз жұмыс көзі мектеп болса, енді қатарға осындай кәсіпорын қосылып отыр. Серіктестікте айлық орташа жалақы 400 мың теңге дейді. Орақ кезінде екі есеге артатын көрінеді.

ЕРДЕН ҚАЙЫРОВ, агроном, Жамбыл ауданы:

– Халықпен танысып жатырмыз. Оларға жұмыс бойынша көмектесетін боламыз. Қазір бізде жастар да, үлкендер де жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жол салу, қыстыгүні жол тазалау, зейнеткерлерге көмектесу жоспарымызда тұр.

Ауылда жол мәселесі өзекті. Бүгінгідей жаңбыр жауса, жер езіліп кетеді. Жоспары көп «RAMAZAN AGRO» келесі жылы жолды дұрыстаймыз деп отыр.

ЕРКЕБҰЛАН ЖАНБАТЫРОВ, «RAMAZAN AGRO 2024» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Осы жылы жолдың жағдайын қарап, есептеудеміз. Күз де жақындап қалды, сондықтан асфальт төсеуді осы жылы бастай алмаймыз. Келесі жылға қалдырып отырмыз және елге су тарту қажет. Оны да келесі жылы қарастыратын боламыз. Жұмыстардың барлығын жергілікті әкімдікпен бірге атқарамыз.

Жалпы, Айымжан ауылында 80-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Халқының саны 200-ден асады.

 

Мәдина Қаби