Sailau banner

Спорт

Биатлоннан ел чемпионатының 5-ші кезеңі бастау алды

Мергендік пен жылдамдық талап етілетін сайыс. Сенбі күні облыс орталығында биатлоннан ҚР жазғы чемпионатының 5-ші кезеңі бастау алды. Мұнда жеткіншектер 2 жас санаты бойынша бақ сынайды: 14 пен 15 және 11 мен 12. Додаға еліміздің 10 облысынан сайдың тасындай іріктелген 160-тан астам спортшы қатыспақ.

ИГОРЬ ИЛЬИН, биатлоннан СҚО аға жаттықтырушысы:

– 1-ші орын алған спортшылар көшбасшылық сары жейдеге ие болады. Қатысушылар жекелей жарыс, спринт және із қуу түрлерінен сынға түседі. Сайыс 3 күн бойы өтеді. Чемпионат 6 кезеңнен тұрады. Әр топта 40 биатлоншыдан бар. Осы уақытқа дейін ең көп ұпай жинаған жеткіншек чемпион атанады.

Әуелі жарыстың ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сайыста жігіттер 1200 метрге жүгірсе, қыздар 1000 метрді бағындырулары тиіс. Ұл-қыздар түрегеп тұрып та және жүгіріп келе жатып 50 метр жерден 5 нысананы пневматикалық винтовкамен атады. Тізіліп тұрған жігерлі жастардың барлығы жеңіс тұғырынан көрінуге асық. Соның бірі – Никита Дудченко. Спортшының осы бағытқа ден қойғанына 10 жылдан асыпты.

НИКИТА ДУДЧЕНКО, жарысқа қатысушы, Риддер қаласы:

– Қазіргі таңда өз тобымның көшбасшысымын. Чемпионатқа ұзақ уақыт дайындалдық. Қарсыластарым өте мықты. Бірақ, мен де оңай шағылар жаңғақ емеспін. Бұған дейін де осындай ірі додоларға қатысып, біршама тәжірибе жинақтадым. Енді барымды салып, ел чемпионатында жеңімпаз атансам деймін.

Чемпионатқа алғаш қатысып отырған құраманың бірі – батысқазақстандықтар. Аға жаттықтырушы Ислам Сағыналиевтің сөзінше, аталған аймақта биатлон қарқынды дамымаса да айналысам деген жеткіншектердің қарасы қалың екен.

ИСЛАМ САҒЫНАЛИЕВ, биатлоннан БҚО аға жаттықтырушысы:

– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Мен бұл сайысқа 5 бала әкелдім.

Чемпионаттың соңғы кезеңі Щучинск қаласында өтеді. Жеңімпаз атанған жеткіншектер биатлон федерациясы атынан қомақты ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал өз топтарында үздік бестіктен көрінген ұл-қыздар Азия чемпионатында бақ сынайды.

 

Нұрасыл Ахмет