Қоғам

Жастарды жұмыспен қамтыған жәрмеңке

Қазір жұмысқа тұру үшін табан тоздырудың, мекемелердің есігін қағудың керегі жоқ. Арнайы сайттар мен әлеуметтік желіні ақтарсаң, қажетті ақпар алдыңнан шығады. Одан бөлек, Петропавлда түрлі сала өкілінің басы қосылатын жәрмеңке де ұйымдастырылып тұрады.

БЕКЗАТ ЛАТЫПОВА, “Жастар рухы” жастар қанатының консультанты:

– Бүгін “Жастар рухы” жастар қанаты “Мансап” орталығымен бірлесе отырып, қаладағы жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп отыр. Оған 15 жуық кәсіпорын қатысады. Жастарды әлеуметтік желі арқылы шақырдық.

Жәрмеңке өтетінін әлеуметтік желі арқылы білген жанның бірі – Карима Жүнісова. Шынашақтай қыз еңбекке құштар. Ол бірнеше жұмыс берушімен тілдесті, мүмкіндіктермен танысты. Қазір тағы бір-екеуімен сөйлеспекші.

КАРИМА ЖҮНІСОВА, жәрмеңкеге қатысушы:

– Бұл жерге мені құрбыларым шақырды. Келдік, көрдік. Лайықты жұмыс түрлері бар екен. Достарыма осы шара жайлы айтамын.

Жәрмеңке алаңы қас-қағым сәтте адамға лық толды. Бірнеше жерге жайғасқан жұмыс берушілер жастарды кезекпен қабылдап, өздері жайлы баяндады. “Сұлтан-элеватор-диірмен-макарон кешені” АҚ-ға электрик, қаптаушы, техник сынды 20 шақты маман керек. Директордың орынбасары Арман Сүлейменов іс-шара арқылы табылады деген ойда.

АРМАН СҮЛЕЙМЕНОВ, “Сұлтан-элеватор-диірмен-макарон кешені” АҚ директорының орынбасары:

– Шындығына келсек, қазіргі жастар қара жұмыстан қашады. Олар кеңседе, салқын жерде отырып, еңбек еткісі келеді. Алайда, экономика әртүрлі саладан тұратынын ұмытпау керек. Бізге жұмысқа құштар жастар қажет. Табыс жоғары. Жалақыны жиі көтеріп отырамыз. Әлеуметтік қолдау түрлері де бар. Түскі ас 50 теңге тұрады. Үй мен жұмыстың арасында өзіміздің көлік жүреді.

Шараның қорытындысы бойынша 16 жас жұмысқа шақырылды. Олармен қосымша әңгіме жүргізіледі. Айта кетейік, ұйымдастырушылар алдағы уақытта тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр.

 

Байболат Құлтанов