Қоғам

СҚО-да аудиторлар 16,7 млрд теңгенің бұзушылығын анықтады

Мемлекеттік сатып алудың орындалуы, алынған қаражаттың жүйелі игерілуі. Бүгін облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірінші жартыжылдықты қорытындылады. Басқосуға жергілікті атқарушы орган өкілдері мен қалалық және аудандардан келген түрлі ұйым басшылары қатысты. Жыл басынан бері білікті мамандар 21 аудиторлық іс-шара өткізіп, 16,7 млрд теңгенің бұзушылығын анықтаған. Көбі мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзуға қатысты.

ЗӘУРЕШ ҚАПАРОВА, СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Тексеріс нәтижесінде 155 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13,8 млн теңге айыппұл арқалады. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар құқықбұзушылыққа көп барады. Тұрғындарды тендерге қатыстырмайды. Конкурсқа жіберген күннің өзінде біршама құжат жинатады. Заңда жоқ талаптар мен ережелер ойлап тауып, құтын қашырады. Осы олқылықтарды түзету үшін ауқымды жұмыс атқарудамыз.

Аудиторлар тексеріс барысында кәсіпорындардағы материалдық-техникалық базаға, мемлекеттік қызметке бөлінген қаржының толығымен игерілмей қалғанын анықтаған. Яғни, бюджеттен бөлінген ақша тиісті жерге жетпеген. Мамандар ақшаны жымқырғандарды тиісті органдар арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартып, ел қазынасына 4,3 млрд теңге қайтарған.

ЗӘУРЕШ ҚАПАРОВА, СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Мамлют ауданына іссапармен барған кезде архитектура бөлімінен және ТҮКШ бөлімінен құқықбұзушылықтар анықтадық. Сала мамандары 23 млн теңгеден астам ақшаны толық игермеген. Біз бұны жергілікті атқарушы органдарға жібердік. Олар енді тиісті шаралар қолдануы тиіс.

Облыс аудиторлары интернет арқылы да кәсіпорындардың жұмысына мониторинг жүргізеді. Яғни, онлайн режимде тексереді.

ЗӘУРЕШ ҚАПАРОВА, СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Жыл басынан бері камералдық бақылаумен 274,7 млрд теңгеге 13 мың 503 мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Соның ішінде 20 млрд теңге сомасындағы 1860 бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Бұзушылықтардың арасында өткізілетін сатып алуға қатысуға шектеу қою және қиындату жиі кездеседі. Бізге электронды аудит бойынша 959 хабарлама түсті, 820-сы мемлекеттік сатып алу туралы. Соның 62 пайызы қаралды.

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері айына екі рет аудандарға барып, тексеріс жүргізеді. Жақында ғана Айыртау мен Шал ақын аудандарында болып, біршама құқықбұзушылық анықтаған. Игерілмеген сома 88 млн теңгені құрайды.