Балалар

“Оқжетпес” лагерінде балаларға қандай жағдай жасалған?

Бұл – Аққайың ауданына қарасты Ленин ауылындағы «Оқжетпес» лагері. Қазіргі таңда сауықтыру орнында 100-ден астам бала демалып жатыр. Лагерь күрделі жөндеуден кейін адам танымастай өзгерген. Демалуға келген жеткіншектерге бар жағдай жасалыпты. Балалар тамақтанатын асхананы түгелімен өзгертіп, шағын мейрамхана түрінде істеген. Ғимарат ішіндегі барлық жиһаз толығымен ауыстырылыпты.

БАҚЫТЖАН ШЫНЖЫРОВ, “Оқжетпес”лагерінің директоры, Аққайың ауданы:

– Қазіргі таңда лагеріміздің 2-ші маусымы басталды. Балаларға ұнап жатыр. Биыл біршама құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Толығымен айтсам, біздің 5 корпус пен асханамыз жөнделді. Барлық іс мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асты. Жөндеу жұмыстарына 90 млн теңгеге жуық ақша бөлінді.

Айта кетейік, лагерьде балалармен бірге әр топта жетекші, тәрбиеші, психолог жұмыс істейді. Табиғат аясында түрлі ойындар, байқаулар және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Оған қоса балаларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Ас мәзірі дәруменге толы.

САЯЖАН ҚАЛИЕВА, “Оқжетпес” лагерінің көркемдік жетекшісі, Аққайың ауданы:

– “Оқжетпес” лагері Аққайың ауданының балалары үшін есігін жыл сайын айқара ашады. Өткен жылдарға қарағанда биыл лагеріміз әжептәуір көркейген. Күрделі жөндеу жүргізілді, бұл балалардың демалысын сапалы ұйымдастыруға ықпал етіп отыр. Мұнда әр күніміз қызықты өтеді, түрлі іс-шара ұйымдастырамыз.

Лагерьдің орналасқан жері ыңғайлы. Аумақ жасыл желекке толы. Ойын-сауық орнында демалып жатқан жеткіншек Балнұр Қанатовамен тілдесіп көрдік. Ол барлығы ұнайтынын, бұл жерден тіпті кеткісі келмейтінін айтты.

БАЛНҰР ҚАНАТОВА, оқушы:

– Лагерьде маған кешкі концертке дайындалған ұнайды. Себебі, тобымыздағы қыздармен осы арқылы тез тіл табысып кеттік.

Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда өңіріміздегі ауа райы көңіл көншітпей тұр. Бірақ, бұл жеткіншектерге демалыстарын жақсы өткізу үшін еш кедергі келтірмейді. Лагерьдегі іс-шаралар ауа райына орайластырылып ұйымдастырылады.

 

Анель Шаяхметова